Президент жемқорлыққа бейім адамның ешқашан патриот бола алмайтынын айтты

180
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sBh83AOOsPnwQN9CMRASfyZUw0BKvklYQWRS3wPL.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал»,-деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да көтергенін еске салды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұны қаралып жатыр және осы өзгерістер аясында патриотизм ұғымын нақтылау көзделіп отыр.

«Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақытылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн»,-деп толықтырды мемлекет басшысы.

评论