Қазақтың қара домбырасына қызығушылық артып, арынды жастардың арасында күмбірлеп күй ойнаймын деп, ынталылар көбейді. Дүйім жұрт арасында ұлттық аспаптың насихатталуы жөн, әрине. Десек те, бұл саладағы кәсіби мамандардың домбыраның қоңыр үніне қатысты уайымдары бар.
Келбеті домбыра болса да, тұрпатына үні сай емес дейді олар. Бұл жайында композитор, күйші әрі домбырашы, «Көңіл толқыны» атты танымал күйдің авторы Секен Тұрысбеков өз пікірін білдірді.
“Қазіргі шеберлерде ізденіс жоқ емес, бар. Бірақ кейде бет тақтайдың ішіне кергіш салынбағаннан кейін, домбыраның дыбысы аз болады. Ол микрофонмен ғана шығады, іштегі үнді дыбысы алысқа теппейді. Ал бірақ қолға жұмсақ болып келеді. Дыбысы, мысал ретінде, ер баланың даусымен әйел адамның даусы секілді айырмашылығы бар — сол секілді әсер қалдырады. Құлаққа да сәл жұмсақтау, қоңыр үнді бере алмайды. Күйшінің қалауын шебер жасау қажет. Мысалы, екі күйшіні алсаң, бір домбыраға екі түрлі баға береді. Ал домбырашыға, күйшіге анау домбыра біреуіне ұнауы мүмкін, біреуіне ұнамауы мүмкін. Ал мен мақтаған домбыраны өзге жақтырмауы мүмкін. Дегенмен де, қазақта барлығы қоңырдан тұрады ғой. Сөзінде де, үнінде де — бәрінде де қазақтың бояуы қоңыр. Ал, мысалы, біздің басқа аспаптарды, тек қана домбыра емес, жетіген енді жетіліп келе жатыр ғой. Дейтұрғанмен, оның да үні — сымның, гитараның негізі — сенің бояуыңды бере алмай жүр. Әлі де көп ізденісті талап етеді.”
Бұл тұста атақты күйші, домбырашы Жанғали Жүзбай Секен Тұрысбековтың пікірін қостап, түпкі мәселе домбыраның ағашында екенін атап өтті.
«Қазіргі домбыралардан қоңыр үн шыға бермейді. Себебі қазіргі ағаштардың бәрі – скрипка, виолончель, альт сияқты әлемдік деңгейдегі қымбат аспаптарды жасайтын еуропалық шеберлердің іріктеуінен өткен ағаштар. Мысалы, Страдивари мен Гварнери секілді атақты шеберлердің тезінен өткен, арнайы дайындалған ағаштар бар. Қазіргі таңда сол қымбат ағаштарды шеберлер шет елден сатып алып, домбыра жасайды. Әрине, ондай домбыралардың үні өте қуатты, ашық, эстрада мен оркестрде жақсы сөйлейді. Бірақ оңаша тартқанда – не «наз қоңырға», не «жайма қоңырға», не «майда қоңырға» келе алмайды. Себебі ол ағаш күйді «жатырқайды». Қазақи күйдің мақамы сол ағашқа «жат». Бұл – ағаштың біздің топыраққа тән еместігінен. Ал қазақтың көне домбыраларына қарасақ: мысалы, Әбдіген Қасеновтың шерткен домбырасы, Дина Нұрпейісованың домбырасы – барлығы да қазақ жерінің өзінде, өз топырағында өскен қарағай, үйеңкі және тағы басқа жергілікті ағаштардан жасалған».
Таңқаларлық жайт — кей кезде тапсырыс берушінің қалауына қарай ағашты сонау алыс Африка, Түркия немесе Ресейден алдырады екен. Бұл жайында домбыра жасаушы, қазақстандық белгілі шебер Ертай Байжалғас айтып берді.
«Бұл – тапсырыс берушіге байланысты. Бір тапсырыс беруші: «Маған қатты ағаштан домбыра керек», – деп айтуы мүмкін. Басқа біреу: «Шет елдің қызыл ағашынан жасалса», – деуі мүмкін. Мысалы, Африканың эбен немесе граб деген көмірдей қап-қара ағаштарын сұрайтындар да бар. Себебі олар боялмаған, табиғи түсті қалайды. Ал өзіміздің ағаштарды көбінесе бояп қолданамыз. Лак жаққанда олардың табиғи түсі ашыла бермейді, көбіне ақшыл болып көрінеді. Сондықтан тапсырыс берушілер көбінесе экзотикалық ағаштарды таңдайды. Экзотикалық дегеніміз – тропикалық аймақтарда, Таяу Шығыста өсетін ағаштар».
Домбыраның бағасы қолданылған ағашының түріне, жасалу тәсілі мен шебердің деңгейіне қарай 15 мың теңгеден басталып, 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал ең қымбат домбыра қанша теңгеге бағаланғанын білесіз бе?

Фото: Секен Тұрысбековтың домбыралары
Қазақстандағы ең қымбат домбыра деп Секен Тұрысбековтың қолындағы Ромоненконың домбырасын атауға болады. Бұл домбыраны алғысы келгендер тіпті 1 миллион доллар ұсыныпты.
“Тентек шоқпар жинайды” дегендей, 16 домбырам бар. Музейге де сұрап жатыр, біреуін де бермедім. Мен оны неліктен музейге табыстауым керек? Домбыра деген — ойнайтын зат, музейде тұратын зат емес.Мендегі Ромоненконың домбырасын миллион долларға бағалағанда да, мен берген жоқ едім. Ол домбырам үлкен кісіге керек болды да, оған басқа бір адам көңілін табамын деп, сол мендегі домбыраны алып бермекші болған. Сондықтан ол домбырада баға болмайды, құн болмайды. Страдиваридің скрипкасының өзін алдыңғы жылы аукционда он төрт миллион үш жүз еуроға бағалады. Ол скрипкадан қазақтың домбырасының қай жері кем?”
Қазақпен біте қайнаған,қазақилықтың қайнар көзі домбыра біздің тіліміз де,үніміз де. Көкірегі шежіреге толы бұл аспап ұлтымызбен бірге қайнап,алдағы уақытта заманға сай сайланып, өзгеріске ұшырауы мүмкін дейді, Ертай Байжалғас.
«Иә, әрине, прогресс ешқашан тоқтамайды. Бұрынғы заманда да домбыра талай өзгерістерге ұшыраған. Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасында, домбыраны эстрадаға енгізу үшін Ромоненко деген кісі домбыраны шанаққа бөліп шығарды. Оған дейін домбыраның бәрі шабылған болатын – яғни мойнынан бастап кіндігіне дейін тұтас, бітеу шабылатын еді. Кейін эстрадаға бейімдеу үшін домбыраның шанағын жіңішкертіп, кесіп отырып формасын өзгертті. Сол секілді қазір де домбыра үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Электронды домбыралар да шығып жатыр. Бұны біз заман ағымына сай даму деп түсінуіміз керек. Алайда біз, шеберлер, домбыраның үнін – дала үнін, аттың дүбірін жоғалтпай, қазіргі домбыраларды да сақтап қалуға тырысуымыз қажет».
Сайып келгенде, қолда барды жоғалтып алмау, бағзыдан жеткен бағасыз мұраны сақтап, сол тізбектен таймау - келелі іс.
Марат Батырхан