Иранда жоспарланған 800 өлім жазасы уақытша тоқтатылды – Ақ үй

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mOi7v1I0UcViAVe1kK73hN2LAWY7uoEaYkZygWJp.avif

Иранда орындалуы тиіс болған 800 өлім жазасы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт бұл туралы 15 қаңтар күні журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Ливитттің айтуынша, президент Иранда 14 қаңтарда орындалуы тиіс болған 800 өлім жазасы тоқтатылды деген ақпаратқа сүйеніп отыр. Алайда Ақ үй өкілі бұл мәліметтің қай дереккөзден алынғанын нақтыламады.

Бұған дейін Дональд Трамп «өте маңызды дереккөздер» оған Ирандағы өлім жазалары тоқтайтынын хабарлағанын айтқан. Сонымен қатар Ақ үй президенттің жағдайды бақылап отырғанын және әрекет етудің барлық нұсқасы қарастырылып жатқанын жеткізді.

Al Hadath телеарнасы Иран билігі Иракпен шекаралас аймақта әуе кеңістігін жабуға бұйрық бергенін хабарлаған. Бұл ақпарат АҚШ тарапынан әуе соққысы болуы мүмкін деген жорамалдарға түрткі болды.

Бұл жағдайға қатысты Кэролайн Ливитт: «Президент Трамптың не істейтінін тек өзі ғана біледі. Оның жоспарынан өте аз ғана кеңесшілер тобы хабардар», – деді.

14 қаңтарда Иранның сот билігі басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи наразылық кезінде ұсталған 18 мың адамға қатысты сот істерін жеделдетіп, олардың бір бөлігіне өлім жазасын қарастыру қажеттігін айтқан.

Алайда Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Fox News арнасына берген сұхбатында ел билігінің «адамдарды дарға асуға мүлде жоспары жоқ» екенін мәлімдеді.

Айта кетсек, жаппай наразылықтар 2025 жылдың 28 желтоқсанында басталған. Сол күні Тегеранда дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына наразылық білдіріп, сауда орындарын жапқан. Кейін бұл акциялар басқа да ірі қалаларға тараған.

30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болғаны, күштік құрылымдардың көзден жас ағызатын газ қолданғаны туралы ақпарат тарады. Уақыт өте келе шерулер саяси сипат алып, қатысушылар биліктің ауысуын талап етіп, «Диктаторға өлім!» деген ұрандар айта бастаған.

Иран экономикасы жоғары инфляция (40% деңгейінде) және Батыс санкциялары салдарынан қиын жағдайда екені айтылып отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісінде егер күштік құрылымдар бейбіт шерушілерге оқ атса, АҚШ араласуы мүмкін екенін ескерткен.

Кейін наразылықтар тәртіпсіздікке ұласып, Тегеран мэрі Алиреза Заканидің мәліметінше, 9 қаңтарға қараған түні 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртке оранған. Сондай-ақ 30-дан астам мешіттің жанып кеткені хабарланды.

相关新闻

评论
相关新闻
其他材料