Ресей министрлігі Соловьевтің Орталық Азия туралы пікіріне тоқталды

163
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wIfyQ5rg22VWyeSAsYWP5kWmZLnJJmAwuPBYhvkS.jpg

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеудің ТМД елдеріне, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты саясатына байланысты пікір білдіріп, жұртшылықты ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге және фейкке ермеуге шақырды, деп хабарлайды "Адырна".

Брифинг барысында журналистер Захаровадан Владимир Соловьевтің эфирде айтқан сөздерін қалай қабылдау керегін сұраған. Осыған жауап берген дипломат Ресейдің ресми позициясын тек арнайы уәкілетті тұлғалар білдіретінін атап өтті.

«Ресми ұстанымды оны айтуға құқығы бар ресми тұлғалар ғана білдіреді», – деді Захарова.

Захарованың айтуынша, Ресейдің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасқа қатысты көзқарасы бірнеше мәрте жоғары деңгейде айтылған және ол серіктестік пен өзара сыйластыққа негізделген.

Ол Ресей мен Орталық Азия халықтарын тарихи тұрғыда тату көршілік, стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық байланыстары біріктіретінін жеткізді. Сондай-ақ ТМД және ҰҚШҰ алаңындағы тұрақты өзара іс-қимыл қауіпсіздік мәселелерін талқылауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мария Захарова жеке бір мәлімдемелерге қарап қорытынды жасау дұрыс емес екенін айтып, мемлекетаралық қатынастарды нақты әрекеттерге сүйене отырып бағалауға шақырды.

«Мұндай арандатулар көп болуы мүмкін. Сондықтан шынайы фактілерге сүйеніп, жалған ақпаратқа ермеу керек», – деді ол.

Владимир Соловьевтің мәлімдемелері талқыланып жатқан тұста, БАҚ-та оның эфир кестесіндегі өзгерістерге де назар аударған. Ресейлік медианың жазуынша, соңғы уақытта “Россия 1” арнасында “Вечер с Владимиром Соловьевым” бағдарламасы көрсетілмей қалған. 12 қаңтардан бері оның орнына басқа бағдарлама беріліп жатыр.

Sib.fm дерегінше, бұған журналистің эфир барысында Орталық Азияда «жаңа арнайы әскери операция болуы мүмкін» деген ой айтуы себеп болған. Сонымен қатар ол аймақтағы бұрынғы кеңестік республикаларды «біздің жеріміз» деп атаған.

Бұл тұжырымдар сыртқы саясатта наразылық тудырып, дипломаттарға серіктес елдерге Соловьевтің айтқандары Мәскеудің ресми бағыты емес екенін түсіндіруге тура келген. Ресей СІМ-інің ішінде мұндай жағдайлар «тікелей эфирдегі өзіне өзі оқ ату» деп аталады деген ақпарат та жарияланды.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Соловьевтің мәлімдемесін «атысқа тұрмайтын масаның шағуымен» салыстырған. Ал Қырғызстанда Соловьевті персона нон грата деп жариялау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

评论