Ақ үйдегі арман. Нобель сыйлығының иегері өз медалін Трампқа табыстады

324
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UVkhoQrLHpQ8DGmaeGrxlrT8azEwIRIMPB6oV71z.jpg

Бейсенбі күні Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо өзіне тиесілі Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін Ақ үйде өткен жеке кездесуде АҚШ президенті Дональд Трампқа тапсырғанын хабарлады. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ол америкалық көшбасшының бұл марапатты қабылдаған-қабылдамағанын нақтыламады. Алайда Fox News телеарнасы Ақ үй шенеуніктеріне сілтеме жасап, Трамптың медальді қабылдағанын хабарлады. Бұған дейін ол Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға ниетті екенін бірнеше рет айтқан болатын.

«Бүгін біз, венесуэлалықтар үшін тарихи күн», – деді Мачадо Трамппен алғашқы жеке кездесуінен кейін.

АҚШ арнайы жасақтары Венесуэла президенті Николас Мадуроны Каракаста тұтқындағаннан кейін, Трамп Мачадоны елдің жаңа көшбасшысы ретінде қолдаудан бас тартты. Бұған қарамастан, Мачадо жетекшілік ететін қозғалыс 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткенін мәлімдеген еді. Оның орнына Трамп Мадуро кезінде вице-президент болған, қазір мемлекет басшысының міндетін атқарушы Делси Родригеспен жұмыс істеуді жөн көрді.

Ақ үйден шыққан соң Мачадо қақпа алдында жиналған жақтастарына үн қатып, Associated Press агенттігінің хабарлауынша, оларға испан тілінде: «Біз президент Трампқа сенім арта аламыз», – деді.

«Мен Америка Құрама Штаттарының президентіне Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін тапсырдым», – деді ол журналистерге ағылшын тілінде, бұл қадамын «оның біздің еркіндігімізге деген ерекше адалдығын мойындау» деп атады.

АҚШ президентінің марапатты нақты қабылдаған-қабылдамағаны белгісіз. Нобель бейбітшілік сыйлығын алуды жиі айтып жүретін Трамп бұл сыйлық Мачадоға берілген кезде наразылық білдірген болатын.

BBC Ақ үйден түсініктеме сұрады.

Өткен аптада Мачадо сыйлықты Трамппен бөлісетінін айтқан еді, алайда Нобель комитеті оның басқаға берілмейтінін нақтылады.

«Нобель сыйлығы жарияланғаннан кейін оны қайтарып алу, бөлісу немесе басқа адамға беру мүмкін емес. Бұл шешім түпкілікті және әрдайым күшінде қалады», делінген комитеттің өткен аптадағы мәлімдемесінде.

Бейсенбі күні Ақ үйдегі кездесудің алдында Нобель бейбітшілік орталығы X әлеуметтік желісінде «медаль иесін өзгертуі мүмкін, бірақ Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атағы өзгермейді» деп жазды.

Алайда Мачадо АҚШ-тың тәуелсіздік соғысына қатысқан маркиз де Лафайеттің Джордж Вашингтонның бейнесі бар медальді Венесуэланың негізін қалаушылардың бірі Симон Боливарға сыйлағанын еске салды.

«Ал 200 жылдан кейін Боливар халқы Вашингтонның мұрагеріне – бұл жағдайда Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін біздің еркіндігімізге деген ерекше адалдығы үшін қайтарады», – деді Мачадо.

Вашингтонға сапары барысында Мачадо Конгресске де барып, америкалық сенаторлармен кездесті. Конгресс ғимаратының алдында жақтастары оны Венесуэла туларын желбіретіп, «Мария, президент!» деп ұрандап қарсы алды.

Күтілгендей, Мачадо Трамппен кездесуде оны Родригестің уақытша үкіметін қолдауы қате шешім болғанына және өтпелі кезеңді басқаруды өз оппозициялық коалициясына беру қажеттігіне сендіруге тырысты.

Қабылдау алдында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Мачадоны «Венесуэланың көптеген азаматының керемет әрі батыл үні» деп атап, Трамптың «бұл кездесуді асыға күтіп отырғанын және елдегі қазіргі жағдай туралы ашық әрі оң пікір алмасу болады деп үміттенетінін» айтты.

Бұған дейін Трамп Мачадоны «еркіндік үшін күрескер» деп атағанымен, Мадуро құлатылғаннан кейін оны Венесуэланың басшысы ету идеясын қолдамаған. Оның айтуынша, Мачадоның ел ішінде жеткілікті қолдауы жоқ.

3 қаңтарда Мадуро тұтқындалғаннан кейін Трамп әкімшілігі АҚШ санкциялары астында болған Венесуэланың мұнай секторын реформалау бойынша жедел қадамдар жасады. Сәрсенбі күні америкалық шенеунік АҚШ Венесуэла мұнайының алғашқы партиясын 500 миллион доллар сомасына сатуды аяқтағанын мәлімдеді.

New York Times басылымының хабарлауынша, бейсенбі күні Венесуэла үкіметінің өкілі де Вашингтонға келіп, АҚШ шенеуніктерімен елдің елшілігінің жұмысын қайта жандандыру мәселесін талқылауы тиіс.

Бұл адамның Родригеске жақын одақтас әрі дос екені айтылады. Ақ үй Родригесті «өте ашық әрі ынтымақтастыққа дайын» деп сипаттаған.

Бейсенбі күні Каракаста Родригес жыл сайынғы халыққа жолдауын жасап, Вашингтонда өтетін кездесулерге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

«Егер бір күні маған уақытша президент ретінде Вашингтонға баруға тура келсе, мен оны сенімді түрде, тік тұрып жасаймын, еңбектеп емес», – деді ол және елді АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынастан қорықпауға шақырды.

Сәрсенбі күні Трамп пен Родригес телефон арқылы сөйлескеннен кейін Трамп оны «тамаша адам» деп атады. Ал Родригес әңгімені «өнімді, сыпайы және өзара құрметке толы» деп бағалады.

评论
其他材料