Шымкенттік кәсіпкер өзін бопсалау мен зорлық-зомбылықтың құрбаны деп мәлімдеді

60
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/w1ukz1AQayrSWXiziYWOWTlqlVcNsBM6N0VPqfUb.jpg

Шымкент қаласының кәсіпкері Бақыт Қалмен бірнеше жылдан бері өзін ұйымдасқан қылмыстық топтың қысымына ұшырағанын айтып, құқық қорғау органдарынан әділдік таба алмай жүргенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қылмыстық әрекеттер салдарынан ол 33 миллион теңгеден, автокөлігінен және Нұрсәт шағын ауданындағы екі бөлмелі пәтерінен айырылған.

Кәсіпкердің сөзінше, оқиға 2023 жылы Шу ауданында мемлекеттік тендер аясындағы жұмысты орындау кезінде басталған. Жанар-жағармай тапшылығына байланысты ол танысы, кәсіпкер Тәжіхан Ерназаровтан қаржылай көмек сұраған. Кейінірек Ерназаровтың атынан келген Ерзах Турегелдиев өзін 23 миллион теңге қарызсың деп қорқытып, бопсалай бастаған.

Бақыт Қалменнің айтуынша, жұмыс үшін төлем түсер күні Төрехали Абдазимов есімді азамат араласып, «көмектесемін, қорған боламын» деген уәдемен сенімге кірген. Алайда дәл сол күні кәсіпкерді ұрып-соғып, оның есепшотына түскен 33 миллион теңгені жалған құжаттар арқылы үшінші тұлғаның — кәсіпкер Нышан Ержановтың есепшотына аудартқан. Қалмен сотта Ержановқа ешқандай қарызы жоқ екенін құжаттармен дәлелдегенін айтады, алайда сот бұл уәжді назарға алмаған.

Кейінірек, кәсіпкердің сөзінше, оның қызметкерінің атына тіркелген Ravon R3 автокөлігі де күш қолдану арқылы тартып алынған. Көлік автоломбардта кепілде тұрғанына қарамастан, үшінші тұлғалардың атына рәсімделген.

Одан бөлек, Бақыт Қалменнің әйелі Әсем Қалменнің атына тіркелген Нұрсәт шағын ауданындағы пәтер де қысым арқылы басқа адамның атына жазылған. Кәсіпкер бұл әрекеттердің барлығы қорқыту мен зорлық-зомбылық арқылы жасалғанын алға тартады.

Сондай-ақ, Қалмен өзін бұрын-соңды танымайтын адамдардың атына 400 миллион теңге қарызым бар деген қолхаттарды жазуға мәжбүрлегенін, арызданған жағдайда сол қарыздарды мойнына іліп қоямыз деп қорқытқанын жеткізді. Оның айтуынша, өзіне және отбасына, соның ішінде балаларына қатысты қоқан-лоқы жасалған.

Кәсіпкер бұл деректер бойынша полицияға бірнеше рет арызданған. Алайда құқық қорғау органдары істі «қылмыс құрамы жоқ» деген негізбен тоқтатқан. Прокуратура мен сот та кәсіпкердің шағымын қанағаттандырмаған.

Қазіргі таңда Бақыт Қалмен өзінің өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын айтып, соңғы амал ретінде Ақорда алдына барып өзін-өзі өртеуге дайын екенін мәлімдеді.

评论
其他材料