АҚШ 21 қаңтардан бастап 75 елдің азаматына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Иран азаматтарына иммиграциялық визаларды рәсімдеуді уақытша тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.
Ақпаратты АҚШ Мемлекеттік департаменті растады.
Иммиграциялық виза – АҚШ-та тұрақты тұруға, яғни грин-карта алуға мүмкіндік беретін виза. Оның туристік (B1/B2), студенттік (F-1) немесе уақытша жұмыс визаларына (H-1B, L-1) қатысы жоқ.
Белгіленген елдердің толық тізіміне Ауғанстан, Армения, Бразилия, Ирак, Бангладеш, Барбадос, Беларусь, Белиз, Йемен, Сомали, Нигерия, Камбоджа, Камерун, Кабо-Верде, Колумбия, Кот-д’Ивуар, Куба, Ямайка, Иордания, Танзания, Тайланд, Того, Тунис, Уганда, Уругвай және тағы басқа елдер кіреді.
Мемлекеттік департаменттің айтуынша, бұл шара иммиграциялық жүйені пайдаланып, әлеуметтік қамсыздандыруға тәуелді болуды жоспарлайтын азаматтарды шектеу үшін енгізілген.
Сондай-ақ 38 елдің азаматы туристік және іскерлік визаларға өтініш бергенде $5–15 мың аралығында визалық кепілдік төлеуге міндетті болады. Бұл тізімде Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдері бар.
Бұған дейін АҚШ Орталық Азия азаматтарына виза беру тәртібін қатаңдатқан еді.