Қазақстан мұнайының КҚК арқылы экспорты қанша пайызға қысқарды?

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lGEPSZYIIx199MX8MGCNc3JHouA7UlYu3wjOwn4X.jpg

2026 жылдың қаңтарында Қазақстан мұнайын әлемдік нарықтарға жеткізу көлемі Каспий құбыр консорциумы арқылы айтарлықтай азайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік таратқан ақпаратта, мұнай жеткізу жоспарланған деңгейден шамамен 45%-ға төмендеген. Бұған қолайсыз ауа райы, жөндеу жұмыстарының созылуы және дрондар шабуылының салдары әсер еткен.

Трейдерлердің мәліметінше, осы айда CPC Blend маркалы мұнай экспорты тәулігіне 800–900 мың баррельді ғана құрайды. Ұсыныстың тапшылығы бағаның өсуіне әкеліп, қазақстандық мұнай бір жылда алғаш рет премиямен саудалана бастады. Соңғы мәмілелер Dated Brent эталонына баррелі $1,2 үстемемен жасалған.

Негізгі мәселе — Новороссийск маңындағы теңіз терминалының жұмысы. Толық жүктеу үшін екі шығырмалы айлақ құрылғысы қажет, алайда қазір олардың біреуі ғана тұрақсыз режимде жұмыс істеп тұр.

Соңғы апталарда дауыл салдарынан мұнайды тиеу жұмыстары да бірнеше рет тоқтады. Екінші станцияның техникалық қызметтен оралуы кешігіп жатыр. Ал айлақ құрылғысы қарашаның соңында зақымданған.

Energy Aspects сарапшыларының айтуынша, терминалдағы үздіксіз іркілістер Brent маркасына сұранысты қолдап отыр.

Ал Қазақстан тәулігіне шамамен 1,8 млн баррель мұнай өндіреді. КҚК толық қуатта жұмыс істемесе, балама бағыттармен экспорт көлемі бұл көрсеткіштің жартысына ғана жетеді. Ұзаққа созылған іркіліс кен орындарында мәжбүрлі өндіріс қысқаруына әкелуі мүмкін.

Каспий құбыр консорциумы — Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Новороссийск портына жеткізетін негізгі экспорттық маршрут. Консорциум акционерлері қатарында Қазақстан, Ресей және Chevron, ExxonMobil бар.

Айта кетейік, соңғы шабуылдан кейін айлақ құрылғысы өткен жылдың 29 қарашасында тоқтаған еді.

评论