Шах Пехлевидің ұлы Иранға оралуға дайын екенін мәлімдеді

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kWCRWG00fM5fQzn613D96d1h6t8cWnWxw6J0oPUt.webp

Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлевидің үлкен ұлы Реза Пехлеви елдегі жаппай наразылықтар аясында Иранға оралуға дайын екенін айтып, АҚШ басшылығын «шешуші сәтте» нақты әрекетке көшуге шақырды. Ол бұл туралы жексенбі, 11 қаңтар күні Fox News телеарнасында көрсетілген Sunday Morning Futures бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

«Сіз өзіңізді бейбітшілік пен зұлым күштерге қарсы күресті ұстанған тұлға ретінде тарихта қалдырдыңыз.. Иранда адамдардың сіздің құрметіңізге көшелердің атауын өзгертіп жатқаны бекер емес. Ирандықтар сіздің Барак Обама мен Джо Байденге мүлде ұқсамайтыныңызды біледі. Олар сіздің бұрынғыдай өздерін елеусіз қалдырмайтыныңызға сенеді», – деді шахтың ұлы Ақ үй басшысына үндеу жасап.

Дональд Трамп 10 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Ирандағы наразылық білдірушілерді тағы да қолдайтынын білдірді. Ал 9 қаңтардағы баспасөз конференциясында АҚШ президенті егер Иран режимі жаппай зорлық-зомбылыққа барса, АҚШ қатаң жауап қайтаратынын қайталады.

«Біз олардың ең ауыр, ең әлсіз жеріне өте қатты соққы береміз. Бұл әскер енгізу дегенді білдірмейді, бірақ өте, өте күшті соққы болады», – деді Трамп.

Реза Пехлевидің айтуынша, Трамптың ашық қолдауы наразылық білдірушілерге рух берген. Ол қазіргі жағдайды ұлтты «азат ету» үшін шешуші кезең деп атады.

«Иранды азат ету арқылы бұл мұраны біржола бекітеміз деп үміттенемін. Сонда біз де, сіз де Иранды қайтадан ұлы мемлекетке айналдыра аламыз. Келіңіздер, осы жолда бірігіп, еліміз бен халқымыз үшін жарқын болашақ құрайық...

Бұл – бізге берілген мүмкіндік. Мен алғашқы мүмкіндік туған сәтте-ақ Иранға оралуға дайынмын. Қазірдің өзінде осы қадамды және өтпелі команданы жоспарлап отырмын. Бұл жолы иран халқы жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Олар жеңеді де, өйткені ирандықтар бұл іс үшін жанын беруге дайын, мен де солардың қатарындамын», – деп атап өтті шахтың үлкен ұлы.

The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, 13 қаңтар күні Дональд Трамп Ирандағы наразылықтар аясында АҚШ үшін қолжетімді әрекет нұсқалары туралы баяндама алады. Кездесуде ықтимал әскери соққылар, киберқару қолдану, қосымша санкциялар енгізу және оппозицияны қолдау мәселелері талқылануы мүмкін. Reuters агенттігі бұл кездесуге Трамптың жоғары лауазымды кеңесшілері қатысатынын атап өтті.

Айта кетейік, әкесі Мохаммед Реза Пехлеви тақтан құлатылғаннан кейін 64 жастағы Реза Пехлеви АҚШ-та тұрады және Тегерандағы режимнің ауысуын қолдап келеді.

Еске салайық, АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының дерегінше, Ирандағы тәртіпсіздіктер барысында 500-ден астам адам қаза тауып, 10 600-ден астам адам ұсталған.

Ирандағы шерулер 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегерандағы дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсы наразылық ретінде сауда орындарын жапты. Кейін акцияларға басқа да ірі қалалардың тұрғындары қосылды.

30 желтоқсан, сейсенбі күні, наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы алғашқы қақтығыстар тіркеліп, күш құрылымдарының көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Көп ұзамай акциялар саяси сипат алып, кейбір қатысушылар Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменейге қатысты болуы мүмкін «Диктаторға өлім!» деген ұрандар айта бастады. Наразылыққа шыққандар саяси режимнің ауысуын және билікке Пехлевидің келуін талап етуде.

Иран экономикасы 40 пайыздық инфляциядан және Батыс елдерінің санкцияларынан қатты зардап шегіп отыр.

2 қаңтар күні АҚШ президенті Truth Social желісінде егер күш құрылымдары ауыр экономикалық жағдай мен жоғары инфляцияға қарсы шыққан бейбіт шерушілерге оқ атса, АҚШ араласатынын ескерткен.

Кейінірек бейбіт шерулер тәртіпсіздіктерге ұласты. Тегеран мэрі Алиреза Закани 9 қаңтарға қараған түні өткен акциялар кезінде 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртеліп, 30-дан астам мешіт отқа оранғанын мәлімдеді.

评论
其他材料