Қазақстанның Энергетика министрлігі елде бензин бағасы Ресейдегідей деңгейге жетеді деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна"ұлттық порталы Tengrinews.kz редакциясына сілтеп.
Өткен аптада бірқатар БАҚ пен Telegram-арналарда желтоқсан айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімге қол жеткізілгені жөнінде ақпарат тараған. Аталған келісім 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Осыған байланысты Қазақстандағы жанармай бағасы ЕАЭО-ға мүше өзге елдердегі бағамен теңесуі мүмкін деген болжам айтылған.
Айта кетсек, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес – Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ең жоғарғы органы. Ол Беларусь, Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстан мемлекет басшыларын біріктіреді. Кеңес стратегиялық шешімдер қабылдап, интеграциялық үдерістерді басқарады. Кеңес кемінде жылына бір рет жиналады, ал консенсус негізінде қабылданған шешімдер барлық мүше мемлекеттер үшін міндетті болып табылады.
Tengrinews.kz редакциясы бұл мәселеге қатысты Қазақстанның Энергетика министрлігінен ресми пікір сұрады. Ведомство өкілдері қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге мораторий күшінде екенін еске салды. Бұл шара инфляцияны тежеу мақсатында енгізілген.
«Жанармай бағасының күрт қымбаттауы күтілмейді, жағдай мемлекеттің бақылауында», – деді Энергетика министрінің кеңесшісі, ресми өкіл Әсел Серікпаева.
Министрлік 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы құрылатынын растады, алайда бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
«Бұл жерде әңгіме заңнамаларды үйлестіру туралы болып отыр, ал бағаның өзге елдермен бірден әрі автоматты түрде теңесуін білдірмейді. Кез келген интеграциялық үдерісте ұлттық мүдде мен Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы басты назарда болады. Сонымен қатар нарықтың объективті факторларын да ескермеуге болмайды. Көршілес елдермен баға айырмашылығының үлкен болуы арзан жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына, яғни “сұр” экспортқа әкелуі мүмкін. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін тудырады», – деп түсіндірді ведомствода.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі «төмен бағалар» саланың инвестициялық мүмкіндіктерін шектеп отыр. Ал мұнай өңдеу саласына Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ жаңа, төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қаржы қажет.
«Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық баға белгілеуге көшу біртіндеп жүргізіледі. Барлық шешімдер нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейін ескере отырып қабылданады. Тұтынушылар үшін шоктық сценарийлерге жол берілмейді», – деп уәде берді министрлік.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АИ-92 бензині, дизель отыны және сұйытылған газ бағасы 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін өзгермейтінін мәлімдеген болатын. Ал баға реттелмейтін бензин түрлері бойынша қымбаттау болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Сонымен қатар министрлік нарық субъектілері тарапынан негізсіз баға өсімі анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.
Ал мұнай нарығының сарапшысы Олег Червинский Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы 2026 жылдың соңына дейін қымбаттауы ықтимал екенін айтқан.
Сарапшының айтуынша, 2026 жыл жанар-жағармай бағасы салыстырмалы түрде төмен сақталатын соңғы жыл болуы мүмкін. Бағаның өсуіне негізгі себеп – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығының іске қосылуы.
Червинскийдің сөзінше, бұл жөніндегі келісім 2025 жылғы 21 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қабылданған. Құжатқа сәйкес, ЕАЭО елдері мұнай өнімдері саудасының ортақ ережелерін қалыптастырып, жеткізілімдердің ашықтығын және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.
Алайда іс жүзінде бұл Қазақстанның ішкі нарықтағы жанармай бағасын Ресей мен Қырғызстан деңгейіне дейін көтеруіне әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанда бензин көрші елдермен салыстырғанда шамамен екі есе арзан.
Сарапшының пікірінше, баға айырмашылығы жанармайдың «сұр экспортын» туындатып отыр. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге назар аударып, Қазақстанның көрші елдерге арзан отын жеткізетін «көлеңкелі жеткізушіге» айналғанын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасы бекітілген болатын. Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, мораторийдің негізгі қағидаты – әрбір жанармай құю желісінде 2025 жылғы 16 қазанда қандай бөлшек баға болған болса, сол деңгейді сақтау. Бұл ретте ел бойынша бірыңғай шекті баға белгілеу қарастырылмаған.