Жемқорлыққа қатысы бар компания арқылы. Құлыбаев ханзада Эндрюден сарай сатып алған

342
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JHRKuluWe53EU1ioYYUcvQ5iSOe0ip3xyxZqwZYO.avif

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, кәсіпкер Тимур Құлыбаев Ұлыбритания ханзадасы Эндрюден зәулім үйді 15 миллион фунт стерлингке сатып алған. Бұл сұралған бағадан 3 миллион фунтқа қымбат. BBC зерттеуінде мәміле үшін төленген қаражаттың бір бөлігі бұрын халықаралық жемқорлық жанжалында аталған офшорлық компания арқылы өткендігі айтылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

BBC дерегінше, сарайды сатып алу үшін жұмсалған қаражаттың бір бөлігі Enviro Pacific Investments компаниясы ұсынған несие арқылы жабылған. Кейін Италия прокуратурасы аталған компанияның қаржысы парақорлық схемалары арқылы алынған болуы мүмкін деген тұжырым жасаған.

Италиялық тергеу материалдарында Enviro Pacific компаниясына қаражат Aventall атты құрылым арқылы түскені көрсетіледі. Бұл компанияны италиялық кәсіпкер Агостино Бьянки мен «делдал» ретінде танылған Массимо Гуидотти басқарған. Тергеу барысында Бьянки сотта Құлыбаев пен басқа да қазақстандық шенеуніктерге мұнай келісімшарттары үшін пара бергенін мойындаған.

«2007 жылы жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле Unity Assets Corporation офшоры арқылы рәсімделді. Құжат жүзінде ол Құлыбаевқа тиесілі болған. Сатып алушының есімін Букингем сарайы да, Эндрюдің өзі де жарияламады. Бұл оның мемлекеттік қызметкер мәртебесіне және сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен туыстық байланысына қарамастан жасалды», - делінген жарияланымда.

BBC сауалнама жүргізген заңгерлер «қызыл жалаушаларға» назар аударған. Олардың қатарында офшорлық схемалар, қаржыландыру көздерінің ашық еместігі, сатып алу бағасының тым жоғары болуы және ақшаны жылыстату белгілері бар. Ал Құлыбаевтың адвокаттары ол несиені пайызымен толық өтегенін, заң бұзбағанын және ешбір тергеуге қатысы болмағанын мәлімдеді.

Құлыбаев сатып алған Sunninghill Park зәулім үйі ұзақ уақыт бос тұрған, кейін мүлде бұзылған. Оның орнына жаңа үй салынғанымен, ол да пайдаланылмаған.

Айта кетсек, Құлыбаевтқа зәулім үйін сатқан ханзада Эндрю жақында барлық корольдік атақтарынан айырылып, ресми резиденциядан кетті. Бұл оның Джеффри Эпштейнмен байланысына және сексуалдық қысым көрсету айыптарына қатысты даудан кейін болды. Король Чарльз III бауырын резиденциядан шығару туралы шешімді өзі қабылдап, оны барлық салтанатты міндеттерден шеттетті.

评论
其他材料