Қазақстан Президентінің сұхбаты ел дамуының жаңа кезеңіне өту логикасын айқындап берді. Онда модернизацияның жай ғана саяси ұран емес, тарихи тәжірибеге, институционалдық жаңғыруға және жаһандық сын-қатерлерге берілген саналы жауап екені нақты көрсетілді. Экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық, салық саясаты, инфрақұрылым және логистика мәселелері бір-бірінен бөлек қарастырылмай, тұтас реформалық жүйенің өзара байланысты элементтері ретінде ұсынылды.
Саясаттанушы Жанерке Қайратқызы Президент көтерген бастамаларды кең тарихи және теориялық контексте талдай отырып, реформалардың қайтымсыз сипатының институционалдық негіздерін, жаңа қоғамдық келісімнің мазмұнын және экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын ашады. Сарапшы пікірінше, қазіргі реформалар - Қазақстан қоғамының ішкі логикасынан туындаған объективті қажеттілік әрі елдің ұзақ мерзімді саяси және экономикалық орнықтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық жауап.
- Президент модернизацияның жаңа кезеңі туралы айтты. Бұл кезеңнің Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесінің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызын қалай бағалайсыз?
- Менің ойымша кез келген әлеуметтік жүйе өзінің өміршеңдігін сақтау үшін сыртқы және ішкі өзгерістерге жауап беруге мәжбүр. Бұл тұрғыда модернизация дамудың заңды әрі табиғи формасы. Әйгілі тарихшы әрі әлеуметтанушы ғалым Арнольд Тойнбидің «challenge–response» (сын-қатерге жауап) теориясы адамзат табиғат тастаған сын-қатердің арқасында дамиды дейді. Өркениет немесе қоғам осы сын-қатерге берген жауабы арқылы өзін жаңа, неғұрлым кемел күйге көтереді. Сын-қатер неғұрлым күшті болса, жауап та соғұрлым тың, креативті және жасампаз болады. Cын-қатерге лайықты жауап бере алмау, қоғамның деградацияға ұшырауын білдіреді. Ал сын-қатердің болмауы, дамуға деген ынталандырудың жоқтығы деп бағаланады. Осы теория аясында алғанда, көшпелі өркениеттер қатал әрі құбылмалы ортаға бейімделу нәтижесінде қалыптасқан. Сондықтан олар үшін икемділік, тез әрекет ету және өзгеріске бейім болу өмір сүрудің басты шартына айналған. Антропологиялық және этногенездік тұрғыдан да көшпелі мәдениет өкілдерінің икемділігі мен адаптациялық әлеуеті жоғары екендігі жиі айтылады. Көшпелі қоғамдар прогрессивті өзгерістерді тез қабылдап, сыртқы ортаға жеңіл әрі тиімді бейімделе алған. Ретроспективада қарасақ, көшпелілер технологиялық жаңалықтарды жедел қабылдағанын, басқару институттарын икемді түрде қалыптастырғанын және өзге өркениеттердің ең тиімді және өзіне қажет тәжірибесін сіңіре алғанын көреміз. Сонымен қатар көшпелі қоғамдар сыртқы саяси және экономикалық өзгерістерге де тез бейімделіп, өзге империялармен прагматикалық әрі икемді қарым-қатынастар орната білген. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі модернизацияға бағытталған реформалар Қазақстан қоғамының ішкі логикасынан туындап отырған объективті қажеттілік деуге болады. Олар тарихи бейімделу тәжірибесіне сүйенген ұзақ мерзімді институционалдық жаңғырудың негізі және жаһандық технологиялық және геосаяси сын-қатерлерге берілген жедел жауап. Демек, аталған реформалар саяси және экономикалық жүйенің орнықтылығын сақтаудың ғана емес, оны жаңа даму деңгейіне көтерудің негізгі тетігі ретінде бағалауға болады.
- Сұхбатта реформалардың қайтымсыз сипаты ерекше атап өтілді. Бұл бағыттың тұрақтылығын бүгіннің өзінде қандай институционалдық өзгерістер қамтамасыз етіп отыр?
- 2022 жылдан бастап елімізде реформалардың қарқыны айтарлықтай күшейе түсті. Бұл, бір жағынан, жаһандық деңгейде жүріп жатқан технологиялық және геосаяси өзгерістердің үдеуімен тығыз байланысты болса, екінші жағынан ұзақ жылдар бойы қордаланған жүйелік мәселелерді шешуге арналған қажетті жауаптар. Мемлекет реформаны заң арқылы жүзеге асырады. Мысалы тек 2025 жылы түрлі салаларды реттейтін 100-ге жуық заң қабылданды. Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстерін қабылдау бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізілді. Ал заңға енгізілген әрбір өзгеріс пен толықтыруды шағын институционалдық реформа ретінде қарастыруға болады. Себебі бұл заңдар күшіне енген сәттен бастап қоғам мен мемлекеттің өміріне прогрессивті өзгерістер енгізе бастайды, кемінде, заңнамалық өзгерістер дәл осындай мақсатпен қабылданады. Заңдардың жоғары қарқынмен қарастырылуы, талқылануы және қабылдануы жүргізіліп жатқан реформалардың серпінін айқын көрсететін маңызды индикаторы, ал реформалар елдің ұзақ мерзімді дамуын институционалдық тұрғыдан қамтамасыз ететін негізгі құрал. Құқықтық мемлекет жағдайында барлық азаматтар заң алдында тең және заң талаптарына бағынады. Заңды өзгерту арқылы қоғамдық санада да біртіндеп өзгеріс қалыптасады. Тіпті заңмен тікелей реттелмейтін салалардың өзінде жалпы прогресс ықпалымен қоғамдық қатынастар трансформацияға ұшырап жатады. Бұл дамудың табиғи әрі заңды көрінісі. Жаңа ұрпақ қалыптасады, жаңа технологиялар енгізіледі, соған сәйкес ойлау жүйесі мен әлеуметтік мінез-құлық та өзгереді. Сондықтан Президент атап өткендей, бұл үдеріс бәсеңдемейді, керісінше алдағы уақытта одан әрі қарқынды түрде жалғасады. Себебі даму өзгерісті талап етеді. Демек, біз бұрынғыдан да, бүгінгіден де жақсырақ болу мақсатында үздіксіз прогреске саналы түрде бет бұрып отырмыз. Демек, реформалар да қайтымсыз сипатқа ие болмақ.
- Президент айтып отырған экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті қалай бағалайсыз?
- Президент сұхбатында көтерген экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселесін мен күрделі, бірақ шынайы әрі орынды қойылған өзекті мәселе ретінде бағалаймын.
Ең бастысы, сұхбатта Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым мен мәдениет салалары бойынша барлық міндеттемелердің толық көлемде орындалатыны нақты айтылды. Бұл мемлекеттің базалық әлеуметтік жауапкершіліктен бас тартпайтынын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған міндеттемелердің алдағы кезеңде де сақталатынын растайтын маңызды саяси сигнал деп ойлаймын. Сонымен қатар Президент Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» тірелгенін және бұл ұғымның абстрактілі теория емес, азаматтардың күнделікті өмірінде тікелей сезілетін, әлеуметтік тұрақтылықты әлсірететін нақты шындық екенін атап өтті. Осы арқылы ол экономикалық өсімнің қоғамда тең бөлінбеуі мәселесін де жоққа шығармайтынын аңғартты. Бұл проблема тек Қазақстанға ғана тән емес, көптеген мемлекеттер үшін ушығып келе жатқан үрдіске айналып, бүгінгі жаһандық әлеуметтік-экономикалық дискурстың өзекті тақырыптарының біріне айналды. Осы сын-қатерге жауап ретінде әлемдік деңгейде инклюзивті капитализм, инклюзивті өсу (inclusive growth), мүдделі тараптар экономикасы (stakeholder economy) сияқты тұжырымдамалар мен модельдер белсенді түрде ұсынылуда. Аталған тәсілдердің түпкі мақсаты экономикалық өсімнің нәтижесін қоғамның кең ауқымына әділ әрі теңгерімді түрде тарату, яғни өсімнің әлеуметтік әсерін күшейту. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің ұстанымы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті институционалдық негізде қайта құру қажеттігін айқын көрсетеді деп ойлаймын. Расымен, экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр, алайда бұл өзгерістердің қарқыны әлі де жеткіліксіз. Сондықтан теңсіздікті азайту, «өсім ауруын» еңсеру және экономикалық өсімді әлеуметтік тұрғыдан орнықты ету алдағы кезеңдегі реформалардың негізгі мазмұнына енері сөзсіз. Президент бұл мәселені жасырмай, оны шешуге бағытталған нақты жоспар бар екенін ашық айтты. Демек, аталған бағыттағы реформалар декларативті сипатта емес, прагматикалық және нәтижеге бағдарланған саясат ретінде жүзеге асырылатын болады.
- Салық реформасы жаңартылған қоғамдық келісімнің элементі ретінде ұсынылуда. Бұл тәсілдің бизнес пен инвестициялар үшін қандай оң әсерлерін көріп отырсыз?
- Салық реформасын жаңартылған қоғамдық келісімнің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру орынды. Өйткені ұсынылып отырған өзгерістер әлеуметтік тұрғыдан теңгерімді фискалдық түзету қағидаттарына негізделген. Нәтижесінде салықтық және әлеуметтік жүктемені әділ бөлу арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы ортақ жауапкершілік қағидатын нығайту көзделеді. Жалпы кез келген мемлекетте табыстарды қайта бөлу саясатына деген әлеуметтік сезімталдылық өте жоғары болып келеді. Сондықтан мемлекеттің бұрын беріп келген жәрдемақыларды, салықтық жеңілдіктерді немесе квоталарды қысқартуы не алып тастауы әдетте қоғамда елеулі қарсылық тудырады. Бұл заңды құбылыс, себебі кез келген жеңілдік уақыт өте келе «қалыпты құқық» ретінде қабылданады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Салық кодексінде көзделген өзгерістерді де кәсіпкерлер мен азаматтар осы уақытқа дейін пайдаланып келген жеңілдіктердің белгілі бір бөлігін қайта қарау ретінде қабылдауға болады. Әрине, мұндай өзгерістер қысқа мерзімде наразылық тудырады. Алайда Президент атап өткендей, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл қадамдарды жаңа қоғамдық келісімнің бір бөлігі ретінде қарастыру қисынды. Біз көбіне әлеуметтік қолдауы жоғары дамыған мемлекеттерге, әсіресе Скандинавия елдеріне қызыға қараймыз. Алайда олардың экономикалық моделіне тереңірек үңілсек, жоғары әлеуметтік міндеттемелердің жоғары әрі тұрақты салық жүктемесімен тікелей байланысты екенін байқаймыз. Мысалы, бұл елдерде жеке табыс салығының өзі жалақының 40 пайызынан асады. Бұл мемлекеттерде әлеуметтік мемлекет нақты әрі орнықты фискалдық механизмдер арқылы қамтамасыз етіледі. Яғни мемлекет экономикалық айналымда қалыптасқан табыстың елеулі бөлігін салықтар арқылы қайта жинап, оны білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қоғамдық қызметтерді қаржыландыруға қайта бөледі. Жалпы әлеуметтік мемлекеттің экономикалық негізі әрдайым қайта бөлу тетіктеріне сүйенеді. Сондықтан жоғары әлеуметтік стандарттармен қатар төмен салық жүктемесін ұзақ уақыт бойы бірге жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстан жағдайында бюджеттік тапшылықты ескерсек, салық деңгейін төмен күйде сақтай отырып, әлеуметтік міндеттемелерді толық әрі тұрақты орындау ұзақ мерзімді перспективада мүмкін емес екені анық. Әрине, біз Ұлттық қорға белгілі бір деңгейде үміт артамыз, бірақ оны мемлекеттік шығындарды жабудың негізгі тетігіне айналдыру ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық тұрғысынан әлсіз шешім болар еді. Осы себепті Салық кодексіне өзгерістер енгізу, оның ішінде прогрессивті салық моделін кезең-кезеңімен қалыптастыру, менің ойымша, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған қадам. Бұндай жаңа қоғамдық келісімді күн тәртібіне қою орынды әрі уақыт талабына сай. Бизнес үшін де, инвесторлар үшін де мемлекет қысқа мерзімді популизмге емес, фискалдық орнықтылыққа, болжамдылыққа және әділ ережелерге сүйенетін ұзақ мерзімді даму моделін таңдағанын көрсететін маңызды сигнал береді.
- Сұхбатта инфрақұрылым мен логистикаға ерекше назар аударылған. Бұл Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық үдерістердегі рөлін қалай күшейтеді?
- Сұхбатта инфрақұрылым мен логистикаға ерекше мән берілуі Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық үдерістердегі рөлін жүйелі түрде күшейтудің стратегиялық логикасын көрсетеді. Географиялық тұрғыдан Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту географиялық жағдайды артықшылыққа және нақты экономикалық капиталға айналдырудың басты тетігі. Теміржол, автожол, порт және транзиттік дәліздерді жаңғырту арқылы ел халықаралық жүк тасымалының сенімді буынына айналып, Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын маңызды хаб ретіндегі мәртебесін нығайтады. Бұл өз кезегінде жаһандық жеткізу тізбектеріне тереңірек кірігуге, экспорттық бағыттарды кеңейтуге және шетелдік инвестициялар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, логистикалық инфрақұрылымның дамуы өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, ішкі нарықтың тұтастығын күшейтеді. Осылайша, инфрақұрылым мен логистикаға басымдық беру Қазақстанды тек транзиттік аумақ ретінде емес, өңірлік экономикалық процестерге ықпал ете алатын, халықаралық сауда мен кооперацияда салмағы бар мемлекет ретінде мәртебесін арттырады.