Қазақстанда бұрын-соңды болмаған реформалар жүзеге асты – Тоқаев

82
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zZtPidmZOcecCS5JVrNISYjR3AlAQz3o3qfSoTGo.jpg

Қазақстанда ауқымды әрі бұрын болмаған реформалар іске асырылып, халық оның нақты нәтижесін көріп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент әлемдік ахуалдың күрделене түскеніне қарамастан, Қазақстан байсалды әрі бейтарап сыртқы саясат жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұстаным елдің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасап отыр.

"Жаһандағы жағдай күрделі, болашақ бұлыңғыр. Соған қарамастан, еліміз сыртқы саясатта байыпты бағыт ұстанып келеді. Бұл Қазақстанның дамуына мүмкіндік беруде", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан түбегейлі жаңғыртуларға да тоқталды. Оның айтуынша, конституциялық реформа жүзеге асырылып, жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға маңызды өзгерістер енгізілген. Соның нәтижесінде Парламенттің құзыреті кеңейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артқан. Сондай-ақ саяси партиялардың рөлі күшейіп, Конституциялық сот құрылды. Азаматтар стратегиялық маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде қатыса бастаған.

"Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды. Ең бастысы – халық реформаның игілігін көріп отыр, өзгерістердің әсерін нақты сезінуде", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Парламенттік реформа ұсынғанын еске салып, бұл бастамаға байланысты қоғамнан көптеген ұсыныс түсіп жатқанын айтты. Егер халық қолдаса, бір палаталы кәсіби Парламент құру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, мұндай қадам мемлекеттің дамуы үшін тиімді әрі пайдалы болмақ.

评论