Ақтаудағы апат арада бір жыл өткенде нені ұқтырды?

235
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/64RrjafoO1Yzz8miiWodXLR2wxzCxCj9GH2aD7Jb.webp

2024 жылғы 25 желтоқсан. Жаңа жыл алды. Ел мерекені күтіп, «отбасылық мейрам» аталған шараға әркім өзінше әзірленіп жатқан. Жаңа жыл алдындағы әдепкі ырғақ. Сонда ешкім де бұл күн басқаша есте қалады деп ойлаған жоқ.

Дәл осы кезде трагедия басталды. Алдымен ұшақ апаты жайында алып-қашпа, қайшылыққа толы мәліметтер тарады. Содан кейін ақтаулық жұмысшылар түсірген видео үзінділері желіні кернеп кетті. Содан кейін барып біртіндеп не өткеріп жатқанымыз жайында түсінік пайда болды. Көпшілік енді қалпына келтіруге болмайтын, түзетуге келмейтін бір нәрсе болғанын түсіне бастады. Бірақ көз көрсе де, көңіл сенбей тұрды...

AZAL – «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы Грозный аспанында соққы алды. Әуелде жоққа шығарылғанымен, кейінірек фюзеляждың зақымдануы түсірілген кадрлармен соққы да расталды. Басында кінәлі тарап бұлтақтап бақты...

25 желтоқсан күні адамдар әлеуметтік желі мен экрандардан көз алмай әлдекімнің «Бәрі жақсы» дегенін күтті. Алайда олай болған жоқ.

Ұшақ жараланған құстай қалқып қана ұша бастаған. Қысым төмендеген. Құрылымдық апатқа ұшырағаны анық еді. Экипаж кері қайту жоқ екенін түсінді. Жолаушылар, соның ішінде балалар, қарттар және жараланғандардың басынан не кешкенін айтып жеткізу мен сезінудің өзі бір азап шығар...

Экипаж соңына дейін баруға, аман қалуға шешім қабылдады. Мүмкін болғанынша жерге жетіп, қону мақсаты тұрды. Ондай мүмкіндік қайда бар? Ақтау осындай мүмкіндікке айналды.

Қону төтенше қиын болды. Бірақ жаралы бүркіттей ұшақ та жамбастай қонды. 29 адамның татар дәмі таусылмапты, аман қалды. Олар үрейге бой алдырмаған болар, бәлкім, кім білсін...

Бортта 67 адам болды. Олардың үшеуі сол күні үйлеріне оралмаған экипаж мүшелері еді.

Игорь Кшнякин. Александр Кальянинов. Хокума Әлиева.

Олардың есімдері қазір Әзербайжанда басқаша айтылады. Өйткені олар аспанда соңына дейін қалды. Өйткені ұшақ апатқа ұшыраған кезде олар өз жұмыстарын жалғастырды. Өзгелердің мейлінше алаңдамауына ұйытқы болды.

Кейінірек қарама-қайшы, кейде абсурдтық, негізгі логикаға қайшы келетін мәлімдемелер болды. Тек қазан айында, трагедиядан бірнеше ай өткен соң, Ресей тарапы жоғары деңгейде тергеу жүргізуге, кінәлілерді жазалауға және «бұған нүкте қоюға» ниетін білдірді, онда да емеурін түрінде.

Содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Бірақ мәселенің нүктесі әлі қойылған жоқ. Кінәлілердің аты-жөні ресми түрде жарияланбады. Жауапкершілік кімде – әлі айтылмады. Негізгі сұраққа әлі жауап жоқ. Азаматтық ұшақ қалай ғана әуе қорғанысының атысына ұшырады және неге ешкім жауапқа тартылмады?

Әдетте әр Жаңа жыл үмітпен басталады. Бірақ құрбан болғандардың отбасылары үшін биылғы жыл үнсіздікпен басталды. Дастархан басындағы бос орындармен. Мұндай болмауы керек еді, әттең...

Апат әлі аяқталған жоқ. Белгілі фактілер айқындалып, нақты бір тұлғалар жауапқа тартылмайынша, іс бітпейді. Баку билігінің де, Әзербайжан қоғамының да талабы – осы. Жайшылықта билік пен халықтың мүддесі осылай қабысуы сирек. Әкесінен қалған билікте отырған ұл да керемет бір саясаткер, айтулы алып емес. Алайда осы оқиғада Мәскеудің өз кінәсі жайында айтпауына жол қалдырмады. Соғысып, тартысып келген көрші армяндармен де мәселені бейбіт реттеп, тіл табыса бастады. Сол Армения басшысы таяуда Ресейде өткен ТМД басшыларының дәстүрлі бейресми басқосуына қатыспаған Әзербайжан президентіне көп алдында, жария түрде алғысын білдірді. Осы арқылы тағы бір мәрте Мәскеудің мысын басқандай болды. Оңтүстік Кавказда ойына келгенін істеп келгендер шамасы, іштен тынған болар. Ал әуелде жиынға барам деген президент тура жиын басталарда «жұмысының көптігін» сылтауратып, сапардан қалды.

Айтпақтайын, былтыр Ақтаудағы апатты Әзербайжан президенті Ресейге кетіп бара жатып, ұшақта естіген еді ғой. ТМД төрелерінің бейресми саммиті былтыр осы күні өткен. Соған бара жатқан Әзербайжан басшысы орта жолдан кері қайтқан. Кері қайту, отанға оралу енді басталған сияқты...    

Жанат Алғадай

评论
其他材料