«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Qazaq Air әуе компаниясындағы бақылау пакетін сату жөніндегі мәмілені аяқтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri Travel-ге сілтеп.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 6 мамырда қор Qazaq Air акционерлік қоғамының 51 пайыз акциясын сату-сатып алу мәмілесін түпкілікті жапты. Оның ішінде 49 пайызы Central Asia Aviation Holdings Limited жеке компаниясына, ал 2 пайызы Kazasía Holdings Limited жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген.
«Әуе компаниясындағы 51 пайыз үлесті іске асыру құны 1,020 млрд теңгені құрады», – делінген «Самұрық-Қазына» қорының ресми құжатында.
Мәміле нәтижесінде қор Qazaq Air компаниясына бақылау жүргізу құқығынан айырылды. Дегенмен «Самұрық-Қазына» әуе тасымалдаушының қызметіне елеулі ықпалын сақтап қалды және инвестицияны қауымдастырылған компания ретінде әділ құны бойынша мойындады.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Central Asia Aviation Holdings Limited консорциумы (Вьетнамның Sovico Group құрамына кіреді) қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясын сатып алған болатын.