Ақмола облысында ҚХА «Еңбеккерлер ассамблеясы» ашылды

198
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Kz8gS4IjC2ODJfC9i45feOPTC6HCoOwX44mTUzEv.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Ақмола облысындағы «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнында ҚХА «Еңбеккерлер Ассамблеясының» ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысты. Ол «Еңбеккерлер Ассамблеясы» — қоғамдағы жалпыұлттық бірлікті сақтау тұрғысынан ерекше әлеуметтік маңызы бар жоба екенін атап өтті.

Бұған дейін Ақмола облысында Еңбеккерлер Ассамблеясы «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС-нда ашылған болатын. «Kazrost Engineering Ltd» — өңіріміздегі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін отандық кәсіпорын. Мекемеде түрлі этнос өкілдері қызмет етеді, ұжымдағы өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінеді.

Кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Антропов Еңбеккерлер Ассамблеясының кәсіпорын базасында ашылуы — қызметкерлер арасындағы корпоративтік мәдениетті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне ерекше назар аударды. Іс-шара барысында қатысушылар өндірістік цехтарды аралап, кәсіпорынның жұмысы мен өндіріс процесімен танысты.

Шара кезінде кәсіпорынның дамуына және ұжымдық іс-шараларға елеулі үлес қосқан Темірлан Балабай, Евгений Рябинин, Данияр Инкаров және Серікжан Баукенов облыс әкімінің орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды. «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнының құрылтайшысы, облыстық ассамблея мүшесі Шалва Джахуташвили ҚХА-ның «Бірлік» медалімен марапатталып, Еңбеккерлер Ассамблеясы — бірлік пен келісім құндылықтарын дамытуға арналған алаңға айналатынына өз сенімін білдірді.

Іс-шара соңында «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясы мен Ақмола облыстық Халық Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Еңбеккерлер Ассамблеясының қызметін ұйымдастыру мен үйлестіруді қамтамасыз ету туралы Меморандумға қол қойылды. Қатысушыларға облыстық ассамблея тарапынан дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылды.


 

评论
其他材料