Қазақстанда үш миллионнан астам азамат тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді

266
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vqwtlmi5cyZb33uCzijplg0xZzGph5kscqbj67tG.jpg

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы баяндама жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеп.

Оның айтуынша, 2025 жылдың 10 айында 3 миллионнан астам пациентке 219,7 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек берілді. Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау үшін Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңгеге төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қорын құрған. Бұл қор онкология, қант диабеті және басқа да маңызды ауру түрлерін емдеуге арналған негізгі препараттарды қамтиды.

«Созылмалы аурулардың бір бөлігін ТМККК пакетінен МӘМС-ке ауыстыруға қарамастан, барлық мемлекеттік кепілдіктер толық сақталады. Қаржыландыру көлемі өзгермейді, тек көзі өзгереді. Қант диабеті, ревматоидты артрит, церебральды сал ауруы және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар қажетті дәрілерді толық көлемде алуды жалғастырады», – деді Тимур Мұратов.

Соңғы бес жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы 115 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін артқан. Бүгінде Қазақстан халқын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі жоғары елдердің қатарына кіреді — жан басына шаққанда 50 АҚШ долларынан асады.

Министрліктің мәліметінше, генерикалық дәрілердің бағасы түпнұсқаларға қарағанда 30%-ға төмендеді. Бұл шара дәрі-дәрмектердің орташа бағасын 2025 жылдың қазан айында 11%-ға арзандатты. Ал Бірыңғай дистрибьютордың тиімді сатып алу нәтижесінде 70,5 млрд теңге үнемделіп, қосымша дәрілер сатып алуға бағытталған.

Сондай-ақ нарықтағы ашықтықты арттыру үшін дәрі-дәрмектерді таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілген, бұл салық түсімдерінің 24%-ға өсуіне ықпал етті.

Денсаулық сақтау министрлігі цифрландыру бағытын күшейтуде: электрондық рецепт жүйесі енгізіліп, оны рәсімдеу уақыты екі есеге қысқарған. Алдағы уақытта жасанды интеллект дәрі-дәрмек қажеттілігін болжауға және жалған рецепттерді анықтауға қолданылмақ.

Қазіргі таңда Қазақстанда 20 476 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген, оның 15%-дан астамы — отандық өнім. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өмірлік маңызды дәрілер тізімінде қазақстандық препараттардың үлесі 37%-ды құрайды.

Ауылдық аймақтарда дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыру үшін 10 мыңнан астам дәріхана жұмыс істейді, оның 2700-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұған қоса, шалғай аймақтарда 11 жылжымалы дәріхана пункті қызмет көрсетеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жеңілдетілген тәртібі енгізілгенін атап өтті. Енді жаңа препаратты тіркеу мерзімі бұрынғы 2-5 жыл орнына небәрі 100 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Үкімет басшысы бөлшек сауда нарығында дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

评论
其他材料