Бүгін Астанада өткен «Үркер-2025» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімінде жылдың үздік жаңалықтар порталы атағын «Адырна» ұлттық порталы иеленді.
Биыл байқау 11 номинация бойынша өтті. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам журналист пен ақпарат құралдары өтінім жолдаған. Үздік жұмыстарды белгілі журналистер мен медиаменеджерлерден құралған тәуелсіз комиссия іріктеді. Нәтижесінде шорт-листке 44 үміткер енген еді.
Жылдың үздік жаңалықтар порталы атағына лайықты деп танылған "Адырнаның" негізін қалаушы Арман Әубәкір әлеуметтік желідегі парақшасында өз лебізін жазған. «Адырна» редакциясы бұл жетістікке қол жеткізуге себепкер болған барша оқырман қауымға шынайы алғысын білдіреді. Сіздердің тұрақты назарларыңыз бен қолдауларыңыз – біздің ең үлкен жетістігіміз", - деген ол.
Ал марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Арман Әубәкір 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Адырнаның" қиындықтарға төтеп бере отырып, команданың арқасында осындай жеңіске жеткенін атап көрсетті. Арман Әубәкір көрсетілген барша қолдауға алғыс білдіретінін жеткізген.
«Үркер» сыйлығы — отандық журналистиканың беделді марапаттарының бірі. Оның мақсаты — қоғамның дамуына үлес қосқан, сапалы әрі өзекті ақпарат таратқан журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және танымал ету.
Биылғы жеңімпаздар тізімі:
● Жылдың үздік порталы – «Adyrna» ұлттық порталы.
● Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал – Тамара Вааль (Vlast.kz).
● Үздік өңірлік БАҚ – «Астана ақшамы» газеті.
● Жылдың үздік журналистік зерттеуі – Майра Ерғали («Атырау» газеті).
● Жылдың үздік сұхбаты – Бауыржан Карипов (Qaz365.kz).
● Радиостанциядағы үздік жоба – «Нысана» («Шалқар» ұлттық радиосы).
● Жылдың үздік фотосуреті – Игорь Бургандинов («Казахстанская правда»).
● Жылдың үздік подкасты – Qstar Group.
● Жылдың үздік YouTube-арнасы – «Эксперты KZ».
● Жылдың үздік репортажы – Иван Сухоруков (Tengrinews.kz).
● Жылдың үздік аналитикалық материалы – Илья Пащенко («Казахстанская правда»).
Сонымен қатар, ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров арнайы номинация – «Жұмысшы мамандықтары жылына арналған сыйлықты» Zakon.kz редакциясына тапсырды.
Арнайы жүлделер:
● «Үркер» ұлттық байқауының арнайы сыйлығы – «Казахстанская правда» газеті.
● «Үркер – 2025» арнайы жүлдесі – «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігіне берілді.