Әлі де түрлі қатер бар...

1601
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UibLIFYZbWsS0anbsjU4SvWwwT38WUhAQHdzeN8H.webp

Бүгін ресми демалыс, мереке болғанымен Қ.Тоқаев ҰҚК төрағасы Е.Сағымбаевты қабылдапты. Содан соң ҰҚК төрағасы орынбасарларының бірін қызметінен босатып, орнына жаңадан басқа адам тағайындапты.  

Шамасы президент қауіпсіздік мәселесін тағы пысықтауды құп көрген-ау. Қалай болғанда да төңірек тыныш емес. Бірер күн бұрын біздің жерге жарылғышы бар дрон құлаған. Жыл басынан бері жарылғыштары жоқ бірнеше дрон әуе кеңістігімізге өтіп кеткен.

Одан бөлек терроризм, есірткі саудасы сияқты  мәселелер бар. Украинадағы соғысқа қатысқандар жайлы да соңғы кездері біраз ақпарат шыққан. Сол себепті қауіпсіздікке жауапты тұлғаларда демалыс болмайды.

Ал ҰҚК төрағасы біраз мәлімет айтыпты. Мысалы, жыл басынан бері ҰҚК  экстремизм мен терроризмге қатысы бар 67 адамды ұстапты. Радикалдық ағымды ұстанатын 83 адам сотталыпты. ҰҚК мен ІІМ бірігіп  17 қылмыстық топ жойылып, олардың 244 мүшесі ұсталыпты. 96 адам қамауға алынғаны тағы бар. Ел ішінен 453 қару, 64 граната, алты мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленіпті. 16 есірткі зертханасы, 25 халықаралық және 19 өңірлік есірткі тасымалдау арнасы жойылған екен. 20 тоннаға жуық есірткі заттары, соның ішінде 13 тонна колумбиялық кокаин мен 10 тонна прекурсор айналымнан шығарылғанын жазды Ақорданың ресми ТГ арнасы.

Жемқорлыққа қатысты да біраз мәлімет айтылыпты ресми ақпаратта. 

Қысқасы, түрлі қатер әлі де бар деген сөз. Әйтпесе демалыста ҰҚК бастығы да  демалуы керек шығар...

Амангелді Құрметұлы

评论