«Кейбіреулер өз ойын өткізу үшін “Абай айтты” деп жариялайды»

1784
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WWDUT9ffMa1tFXwJgyvJ4gzsMitbaM45VjtVnBHG.jpg

35 жылын Абай әлемін зерттеуге арнаған Алмахан Мұхамбетқалиқызының биыл абайтану саласында 2 еңбегі жарық көрді. «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» мен «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» деп аталатын кітаптар оқырмандарға Абай тұлғасын жаңа қырынан танытуға жол ашады деп күтіледі. 

«ӘЗІМХАН – ӘЛИХАННЫҢ КӨРКЕМ ТҰЛҒАЛЫҚ НЫШАНЫ»

Алмахан апай, биыл сіздің төрт кітабыңыз жарыққа шықты. Құттықтаймыз! Оның екеуі Абайдың өімір мен шығармашылығына қатысты. Сол жолда 35 жыл бойы үздіксіз зерттеу жүргізіп келесіз. Осы Абай әлеміне бет бұруыңызға нақты не түрткі болды? 

– Осы күнге дейінгі атқарған еңбегімнің сүбелі, қарымды, елге қажет дүниелер екенін өзім іштей сезініп, қуанып жүремін. Өйткені 35 жыл аз уақыт емес.

Мен Абайдың жолына оңайлықпен түскен жоқпын. Тіпті басында Абай жолына түсем деп армандаған да емеспін. Алғашында Абайдың шығармашылығы мен мұрасын, Абай әлемін өз кәсібімнің аясында ғана пайдаландым. Бірақ Абайдың есігінен аттау, терезесінен сығалау – Абай әлеміне ену оңай шаруа емес екеніне көзім жетті. Сол жолда жүріп, кейіннен Абай менің ғұмырлық мұрам екенін ұқтым.

«Абай жолы» романындағы кейіпкерлер, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған хронология – менің алғашқы еңбек жолымда ғылыми тақырып ретінде ұсынған жұмыстарым болатын. Бұл еңбектерім жыл өткен сайын кеңейіп, тереңдей түсті. Биыл Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шықты. Осы үлкен дүниелерді бұрын да бірнеше рет баспаға ұсынған едім, алайда сәті осы жылы түсті. Биыл екі кітабым жарық көрді.

Бұл менің еңбегімнің ел алдында еленгені деп білемін. Елдің назарына ұсынылған бұл дүниелер – осы уақытқа дейін атқарған жұмысым мен сарп еткен уақытымның нәтижесі.

Абай жолына ешкім армандап түсе бермейді. Абайды оқу, Абай әлемін меңгеру – бұл тылсым бір құдірет. Абай жолына бір түскеннен кейін, одан шығып кету де қиын. Қысқасы, Абай әлеміне кіру қаншалықты қиын болса, одан шығу да соншалықты ауыр.

Сондықтан алдағы өмірімде маңдайыма жазылған тағдырды осы Абай әлеміне арнауға бел будым.

– Сіз еңбегіңізде «Абай жолы» кейіпкерлерін тарихи тұлғалармен сәйкестендіресіз. Мысалы, Шұбар, Дәрмен – Шәкәрімнің бейнелері, Әзімхан – Әлихан Бөкейханның бейнесі, Барлас – Дулат Бабатайұлының прототипі деп көрсеткенсіз. Оны қалай анықтадыңыз? Сізге ең күрделі болған зерттеу қайсысы еді?

– Шұбар мен Дәрмен бейнелерінің Шәкәрім Құдайбердіұлының прототипі екені белгілі. Бұл жайында көптеген ғалымдардың еңбектерінде де айтылады. Роман кейіпкерлерін оқып отырсаңыз, олардың бойынан Шәкәрімнің мінезі мен өмір жолын анық байқауға болады. Шәкәрімнің өміріндегі қайшылықтар мен қиындықтар дәл сол Шұбар мен Дәрменнің тағдыры арқылы суреттелген.

Мұхтар Әуезов өмір сүрген кезеңде Шәкәрім де, Тұрағұл да қоғам тарапынан қысым көргені белгілі. Сондықтан жазушы олардың бейнелерін ашық түрде бере алмады. Сол сияқты, Әлихан Бөкейхан мен Шәкәрімнің байланысы да терең болған. Екеуінің аналары апалы-сіңлілі болғаны тарихи деректерден мәлім. Абай мен Әлиханның кездеспеді деу де қисынсыз, бірақ ол жөнінде нақты жазба естеліктер сақталмағандықтан, бұл мәселе төңірегінде нақты пікір айту қиын. Өйткені тарихты бұрмалауға болмайды.

Шұбар мен Дәрменнің бейнесі арқылы Мұхтар Әуезов Шәкәрімнің рухани биіктігін, ұлт мәдениетіне қосқан үлесін, ағартушылық және қайраткерлік қасиеттерін көркем түрде көрсете білді.

Ал романдағы Әзімхан бейнесі – Әлихан Бөкейхановтың көркем тұлғалық нышаны. Ол – көзі ашық, білімді, ұлт мүддесі үшін қызмет еткен зиялы қауым өкілі. Әзімхан арқылы жазушы қазақ қоғамына жаңа серпін берген, халқын оятуға күш салған тұлғаның бейнесін ашып көрсетеді.

Енді Дулат Бабатайұлына тоқталсақ, ол – зар заман ақындарының ірі өкілі. Мұхтар Әуезов алғашқыда оны «Абай жолы» романына енгізгісі келгенімен, сол уақыттың саяси жағдайы мүмкіндік бермеді. Дегенмен, тарихи деректерге сүйенсек, Абай бала кезінде Дулат ақыннан бата алған. Дулат Бабатайұлы бірнеше ай Абайдың ауылында болып, жас Абайға ақыл-кеңес беріп, батырлар жырын, дастандар мен ертегілерін айтып тәрбиелеген. Зере мен Ұлжан да ақынға үлкен құрмет көрсетіп, оған арнайы үй тігіп, сый-құрмет көрсеткені туралы деректер бар.

Осы оқиғалардың барлығы Мұхтар Әуезовтің шығармасында тұспалмен, астарлы түрде берілген. Себебі сол заманның саяси ахуалы жазушыға тарихи тұлғаларды ашық суреттеуге мүмкіндік бермеді.

Ал осы кейіпкерлердің ішінен өзіңізге рухани тұрғыдан ең жақыны қайсы болды?

– "Абай жолы" романында Абайдың туыстық айналасына кіретін 84  кейіпкер бар. Ал жалпы шығармада 814  кейіпкер бейнеленген. Әр кейіпкердің өзіндік ойы, өмір жолы, мінез ерекшелігі мен қайраткерлік болмысы бар.

Бұл романның бір де бір бейнесі оқырман назарынан тыс қалмайды. Әрқайсысы – жеке тұлға, әрқайсысынан өзіңе қажетті тағылым, ой, өнеге табуға болады.

Сол кейіпкерлердің ішінен “мынау маған ерекше жақын” деп бөліп айту да қиын. Өйткені, әр кейіпкердің бойында Абай дәуірінің рухы мен қазақ болмысының бір қыры көрініс тапқан.

«ӘР ДЕТАЛЬДЫҢ АЙТАРЫ БАР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛДІ»

– Неге “Абай жолы” еңбегін алдыңыз? 

– "Абай жолы" романын мен алғаш рет 1992 жылы Семейдегі Абай музейіне қызметке кірген кезімнен бастап, қайтадан тереңдеп оқи бастадым. Бұрын бұл шығарманы жай ғана көркем әдебиет ретінде, оқиғалар желісін қызықтап оқыған едім. Ал музейде жұмыс істей бастаған соң, әр тарауына, әр кейіпкеріне өзімше үңіліп, ерекше мән бердім. Соған қарамастан, "Абай жолын" толық түсіну маған өте ауыр болды. Себебі романда 814 кейіпкер бар, олардың бәрінің кім екенін, қай жерде, қандай іс-әрекет жасайтынын миға тоқып алу оңай емес.

Сонда да мен Мұхтар Әуезовтің ғажайып зеректігіне, жазушылық дарынына таң қалдым. Ол әрбір жер мен су атауын, ру аттарын, тіпті жылқының түрлерін де шатастырмай, нақтылы жазған. Мысалы, Абайдың өзі мінген жылқының саны – 18. Жалпы романда жүз қырықтан астам жылқы атауы кездеседі.

Солардың бәрін жеке-жеке санап, әрқайсысының атын, сипатын, мағынасын тірнектеп жинадым. Сонымен қатар, ұлттық ас мәзірі, киім үлгілері, салт-дәстүр көріністері де өте көп. Бұлардың әрқайсысы — ұлт мәдениетінің айнасы. Менің сол деректерді жинаудағы басты мақсатым – әр заттың, әр детальдың өз айтары бар екенін дәлелдеу еді.

Мысалы, қазақтардың бұрынғы тұрмыс-тіршілігінде киімнің өзі адамның кім екенін танытқан. Қазақ ешқашан “руың кім, қай жерденсің?” деп сұрамаған – оның бәрін киім үлгісінен-ақ аңғарған.

Төрт сайлы тақия, сегіз сайлы тымақ, торқалы шапан, пұшпақ шапан – мұның бәрі иесінің жасына, мәртебесіне, әлеуметтік деңгейіне қарай тігілген.

Қазақ мінген аты мен киген киімі арқылы келген қонағын таныған: кім өнер адамы, кім шешен, кім батыр, кім әулие екенін білген.

Ал қазіргі кезде біз, өкінішке қарай, сол болмысты жоғалтып алдық. Үстімізге не түссе, соны киеміз, аузымызға не келсе, соны айтамыз. Өз ұлттық деңгейімізде, өз болмысымызбен жұмыс істей алмай жүргеніміз қынжылтады.

Менің ойымша, "Абай жолы" – бүкіл қазақты тәрбиелейтін шығарма. Біз шетелден небір теориялар мен “мотивациялық” идеяларды іздеп, біреудің айтқанына еліктеп жүргенде, соның бәрі өзіміздің Абайымыздың, өзіміздің Әуезовіміздің еңбегінде тұрғанын ескермейміз. 

"Абай жолында" – қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі тәпіштеп берілген. Онда ұлттың болмысы, мәдениеті, ділі, діні, өнері түгел қамтылған.

Сондықтан да "Абай жолы" әр қазақтың төрінде, әр қазақтың жүрегінде, әр қазақтың қоржынында болуы тиіс.

–  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әйелдер бейнесі арқылы қазақ қоғамының қандай рухани құндылықтары суреттеледі?

– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бейнеленген әйелдер – қазақ қоғамының рухани айнасы, ұлттың ізгі қасиеттерін бойына сіңірген тұлғалар. Солардың ішінде Зере, Ұлжан, Тоғжан және Әйгерімнің орны ерекше.

Зере – бүкіл ауылдың анасы атанған, парасаты мен өнегесі биік, халыққа ұстаз болған тұлға. Оның азан шақырып қойған аты –  Тоқбала. Зере көргенді отбасынан шыққан, дәстүр мен тәрбиені терең меңгерген, ел ішіндегі үлкен мен кішінің қадірін білетін дана әйел. Ол тек өз ұлын емес, бүкіл ауыл баласын тәрбиеледі, ел ішіне өнеге таратты. Зеренің әрбір сөзі ауыл адамдары үшін заң іспетті еді. 

Қазіргі қоғамда да осындай аналар болса ғой дейсің. Сол Зере сияқты ауылдың ақылгөйі, ұлттың тәрбиешісі болатын әйелдер бүгінде сирек. Бірақ бәлкім, ел ішінде, көзге көрінбей жүрген сондай аналар бар шығар.

Ұлжан да Зере сияқты көреген, сабырлы, сөзге тоқтай білетін қазақ әйелінің айқын үлгісі. Ол да ұлы Абайдың бойына адамдық пен кісілікті сіңірген аналардың бірі.

Тоғжан – Абайдың алғашқы мөлдір махаббаты. Ол Сүйіндіктің қызы, текті жердің аруы. Тоғжан мен Абай арасындағы сезім – адам жанының ең таза, пәк күйін көрсететін көркем эпизод. Олардың махаббаты –  өткінші құмарлық емес, рухани биіктікке жетелейтін сезім. Тоғжан Абай жүрегіндегі алғашқы жалын, алғашқы шабыт көзі болды.

Әйгерімге келсек, Абай өміріндегі ерекше тұлға болғанымен, оның бейнесі романда біршама шартты түрде берілген. Мұхтар Әуезов романды жазған дәуірде кейбір тақырыптарды ашық айтуға болмайтын саяси шектеулер болды. Сол себепті кейбір қасиеттер Әйгерімге берілгенімен, шындығында олардың көбі Ділда бейнесінен алынған. Ділда – Алшынбай бидің ұрпағы, текті әулеттің қызы. Сол тектілік пен сұлулық сипаттары Әйгерімнің бейнесінде көрініс тапқан.

Әйгерім – әнші, өнерлі, нәзік жан. Абайдай ұлы тұлғаның жары болу — екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін тағдыр. Бірақ Әйгерім бейнесін асыра дәріптеу де дұрыс емес. Ол өз дәуірінің шындығымен шектелген тұлға.

Ал Абайдың өзі әйелді ерекше құрметтеген. Оның мақсат-мұраты адамзатты, бүкіл қоғамды тәрбиелеу болды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында осы сезімдер әлемін көркем суретпен жеткізіп, Абайдың ішкі жан дүниесіндегі нәзік сәттерді терең бейнелей білді. Романдағы әйелдер – қазақ қоғамының рухани тірегі, ұлттың ар-ожданы мен сұлулығының көрінісі.

«ЖАНДЫ ҚИНАҒАН СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН АБАЙДАН ТАБАСЫЗ»

– Сіз үшін Абай философиясының ең өзекті қағидасы не? Ол бүгінгі қоғамға қалай әсер етуі тиіс деп санайсыз?

– Абай философиясының ішіндегі мен өзім жастарға бір өсиет етіп айтатыным – бірінші қара сөзі.  Онда Абай: «Мал бағу да қиын, бала бағу да қиын, ғылым бағу да, білім бағу да, ел бағу да қиын. Сондықтан мен өзімнің осы ғұмырым, өткен өмірімде білген-түйгенімнің барлығын қағазға жазып кетейін. Керек адам өзіне қажетін алар, қажет болмаса, өз сөзім – өзімдікі»  дейді.

Сонда осы бірінші қара сөздің өзінен алған түйін – қоғамда қателіксіз ештеңе жоқ екен. Мінсіз қоғам болмайды. Соның барлығын көрген Абай өзінің ғұмыр бойы жасаған қызметінде соны түйіп, соны қара сөздеріне жазып кетеді.

Абайдың философиясы — бір өлеңнің өзінде тұнып тұрған әлем. Мысалы, “Сегіз аяқ” өлеңі жиырма жеті буынды шумақтан тұрады. Бірақ соның ішінде бәрі бар: тіл де тұр, адамның ары да тұр, ұяты да, мәдениеті де, жалғыздығы да тұр – бәрі тұнып тұр.

Сондықтан мен Абайдың бір сөзін бөліп алып, “мына сөзі керемет еді” деп таңырқап, таңғалып, үзіп-жұлып қарауға қарсымын. Өйткені Абайды тұтас оқу керек.

Сіздің ішіңізде, жаныңызды қинап жүрген қандай да бір сұрақ болса, соның жауабын Абай шығармашылығынан табасыз. 

Кейде қазіргі біз өмір сүріп отырған заман – Абай көріп кеткен заман сияқты. Ол бәрін дәлме-дәл айтып кеткендей көрінеді. Оның ғұламалығы, ғаламаттығы да – міне, осында.

Қазір жастар Абайды көбіне әлеуметтік желі цитаталары арқылы таниды. Сіздің ойыңызша, Абайды терең түсіну үшін бүгінгі буынға не жетіспейді?

– Қазір әлеуметтік желілерде Абайдың атынан жазылған, бірақ шын мәнінде басқа адамдардың ойы болып шығатын сөздер көп. Кейбіреулер өз ойын өткізу үшін немесе өз пікірін салмақты етіп көрсету үшін оны “Абай айтты” деп жариялайды. Мұндай жағдайда Абайдың шынайы мұрасын түсіну қиындап барады.

Абайды терең түсіну үшін оның әр сөзін жаттап алу шарт емес. Ең бастысы – Абайды оқи отырып, адамның өзін тануы керек. Өйткені Абайды оқу – өз жүрегіңе үңілу, өзіңнің кім екеніңді, неге ұмтылып жүргеніңді, өміріңде не жетіспейтінін түсіну.

Абай “толық адам бол” дейді. Толық адам болу үшін ең алдымен адам өз-өзін тануы керек. Өзін тану – өзіне не қажет екенін ұғу. Абайдың шығармашылығы осы сұрақтарға жауап береді. Онда адамның рухани дамуының, ізденісінің, адамдықтың кілті жатыр.

Абайдың мақсаты — өз оқырманының ішкі өзгерісіне себеп болу. Ол “Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім” деп өкінеді. Бұл — жай өкініш емес, кейінгі ұрпаққа сабақ. Яғни, әр адам ғылым мен білімнің пайдасын ерте түсініп, ізденуге талпынса, Абайдың арманы орындалады деген сөз.

Абайдың шығармашылығы — тек бір ұлтқа емес, адам боламын деген әр пендеге арналған рухани қазына. Оның әр өлеңі мен қара сөзі — адамның өзін тануға, ішкі әлемін тәртіпке келтіруге бағытталған мәңгілік бағдаршам.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!



评论
其他材料