Министр тәртіп бұзған полицейлерге шара қолдануды тапсырды

622
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZONZNJ7mz4Weai5cuAMhOf0VqiiJwGPlqsvcH6yX.jpg

Ішкі істер министрлігінде жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Ержан Сәденов тәртіпті жиі бұзуға бейім қызметкерлерге қатаң шара қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Министр полиция қызметінің күрделі және жауапты екенін атап өтіп, қызметкерлердің басым бөлігі өз міндетін адал атқарып жүргенін айтты. Алайда жекелеген тәртіп бұзушылықтар бүкіл ұжымның беделіне нұқсан келтіретінін ескертті.

«Күн сайын мыңдаған қызметкерлеріміз халықты қорғап, өз борышын адал орындап жүр. Бірақ бірлі-жарым тәртіп бұзушылықтар осы еңбектің бәрін көлеңкеде қалдырады. Бұл бізге абырой әпермейді», – деді министр.

Осыған байланысты Ержан Сәденов аумақтық бөлімшелер басшыларына жеке құрам арасында тәртіпті күшейтуді, тәртіп бұзуға бейім қызметкерлерге ерекше бақылау орнатуды және түзелуге қабілеті жоқ полицейлерге қатысты батыл кадрлық шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, министрлік жас қызметкерлермен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіп, тәлімгерлікті күшейту және ашық сот, офицерлік жиналыстар тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, 13 қазанда Ержан Сәденов Қарағандыдағы полицей мен өлі әйелге қатысты оқиғаны «ұят жағдай» деп бағалаған болатын.

评论