Алматы облысы Талғар қаласындағы “Аяла” арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері наразылыққа шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олардың айтуынша, бұған дейін бес жылдан астам уақыт бойы бір тәулік жұмыс істеп, екі күн демалыс кестесімен 300 мың теңге жалақы алып келген. Алайда соңғы уақытта жұмыс тәртібі өзгерген: бірінші тәулікте – күндізгі ауысым, екінші тәулікте – түнгі ауысым, үшінші күні – демалыс. Жаңа жүйемен жалақы 243 мың теңгеге дейін төмендеп кеткен.
Қызметкерлер сонымен қатар зейнетақы жарналарына қатысты да заң бұзушылықтар бар екенін айтып, аудиттік тексеріс жүргізуді талап етті.
Ал мекеме директоры бұл қызметке жақында ғана тағайындалғанын айтып, шешім еңбек инспекторының ескертулеріне байланысты қабылданғанын түсіндірген. Ол зейнетақы жарналары мен жалақының азаюына қатысты мәселені білмейтін болып шықты және есепшілердің жұмысын мұқият тексеруге уәде берді.