Құлыбаевтың қоры «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыруға 1 млрд теңге бөлді

709
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iTTTlqCN4bFDtUxjfSJnr4zMvtKoJICSrCsanU6K.jpg

Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың бірі, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры 4 миллион ағаш отырғызу үшін «Halyk орманы» жобасына 1 млрд теңге инвестиция құйды. Жоба Экология министрлігімен бірлесе отырып жүзеге аспақ, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

16 қыркүйекте тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта көшеттер «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық паркі және елорданың жасыл белдеуі аумақтарына егілетін болады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы жолындағы стратегиялық бастама.

«63 мың гектар жерді алдағы 10 жылда толығымен қалпына келтіреміз деп ойлаймыз. Осы бөлініп жатқан қаражатты тиімді қолдансақ, бұның тигізетін ықпалы осы қоршаған ортамызға өте зор»,–деді ол.

«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова еліміздің табиғи байлығын сақтаудың аса маңызды жұмыс екенін атап өтті.

«Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін»,—деп пікір білдірді ол.

«Halyk орманы» жобасы қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде «GreenAct» экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.

Бүған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс», – деген болатын.

«Halyk орманы» бастамасы Мемлекет басшысы белгілеген осы міндеттерді жүзеге асырып, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасына үлес қоспақ.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

– экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру,

– өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру,

– биоалуантүрлікті сақтау және экологиялық тепе-теңдікті қолдау.

Бұл бастама 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» резерватында болған алапат өрттен кейін айрықша өзекті болып отыр. Ол кезде 60 мың гектардан астам орман жанып кеткен еді.

Жоба шеңберінде халықаралық және қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатылмақ.

评论