Республика көлемінде қиын өмірлік жағдайға түскен отбасыларды қолдау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тың бастама қолға алынып, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары тұғырын тіктеген болатын. Қазіргі таңда аталған мекеме отбасыларға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық, қайырымдылық бағыттарында үлкен көмектер көрсетуде.
Алакөл аудандық «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылғанына 1 жылдың жүзі болды. Жаңа мекеме болғанымен жұмыс жүйесіне толықтай еніп, біршама істе бастамашыл болып келеді.
2025 жылдың басынан бері орталыққа 18 отбасы жүгініп, қажетті қызметтерді алды. Соның ішінде ішкілікке салынып, тар жол, тайғақ кешулерде тура жолдан тайып кеткен тұрғындар да болды. Талай жылдар бойы ащщы судың құрбаны болып, ғұмырлары құмыра ішіндегі залалмен байланысып кеткен әйелдерді оңалтуға да көп күш салынды.

Орталық тарапынан ең алдымен келушілерді қоғамның толық мүшесі екендігін сездіріп, мемлекет әр азаматына көмек қолын созатындығын көрсетуде. Мәселен, қазіргі таңда жұмыссыз болған 4 әйел «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі және «Мансап» орталығымен жүргізілген жемісті жұмыстардың арқасында қызметке орналасты. Орталыққа келгенде өмірдің мәнін жоғалтқандай күйде болған бұл азаматшалар қазіргі таңда бала-шағасының қамы үшін, өздерінің баянды болашағы үшін күресуге күш алды. Ал күшті – әрине «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бергендігі мәлім.
Бүгінгі таңда келушілердің бірі Үшарал қалалық әкімдігіне, екіншісі Алакөл аудандық орталық ауруханасына тазалықшы ретінде, үшіншісі үлкен кісіге жеке күтуші, төртіншісі Бескөл ауылдық округі әкімдігіне қоғамдық жұмысқа кірді. Демек, қазіргі таңда мектеп жасындағы балаларын жеткізуге тұрақты табыс көзі бар, ішкіліктен бас тартқан. Орталық қызметкерлері апта сайын аталған отбасыларды зерделеу мақсатында үйлеріне барып, сұхбаттасу жұмыстарын жүргізуде. Яғни, бақылау мен жөн көрсету, жол сілтеу жұмыстары жалғасын таба бермек.
Бұл жерде айта кететіні тиімді меморандумдық келісімшарттар әсер етуде. Алакөл аудандық «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірінші кезекте Алакөл аудандық полиция бөлімімен, аудандық «Алакөл» газетімен және «АлакөлТВ» ақпараттық-танымдық телестудиясымен меморандум жасады. Бұл өз кезегінде орталық қызметін жүйелендіруге, мобильді топтардың қызметін қарымды етуге, жұмыс барысын кеңінен насихаттауға жол ашты. Бүгінге келушілерді жұмыспен қамту мақсатында «Мансап» орталығымен, балалардың оқуы мен отбасылардың денсаулығына ден қою үшін аудандық білім бөлімі мен аудандық орталық ауруханамен меморандум жасау ісі қолға алынып отыр.
Отбасы – махаббат пен жанашырлық мекені. Бұл қағидат сонау адамзат тарихы қалыптасқан мезеттен бері келе жатқан ұғым. Ал қазіргідей дамыған заманда отбасылық кикілжіңдер мен ұрыс-керістер, зорлық-зомбылық көбейіп жатқандығы рас. Ал «Жанұя» орталықтары осы бағыттағы мәселелерді реттеуге үлкен септігін тигізіп отыр.
Алмат САДИЕВ,
Алакөл аудандық «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры