Тарихи жеңіс. Қазақстандық мергендер әлемдік додада жүлдегер атанды

1437
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RpDQyJnNps4KAh2uIaNhcAPfW79mCF755nrvW43V.jpg

Қазақстан ұлттық құрамасы садақ атудан әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл жеңіс ел қоржынына осы спорт түрінен 32 жылдан кейін алғаш рет жүлде салумен ерекшеленді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Жаһандық додада ел намысын қорғаған Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова өздерінің шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, Қазақстан спорт тарихында жаңа белес ашты.

“Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде спорт саласын жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Бұл – саланың тиімділігін арттыруға және жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде отандық спорт жаңа қарқынмен дамып келеді”, деп жазды министр.

Жүлделі орынға қол жеткізуде Қазақстан садақ ату федерациясының да еңбегі зор. Федерация президенті Азамат Үсімбеков пен Бас хатшы Есет Байтасовтың басшылығымен бүгінде елімізде 7 мыңнан астам спортшы садақ атумен айналысады. Бұл спорт түрі Қазақстанның 15 өңірінде белсенді дамып келеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жетістік – елімізде садақ ату спортының берік іргетасы қаланғанының айқын дәлелі. Сонымен қатар халықаралық аренада жаңа табыстарға жетуге зор әлеует бар екенін көрсетіп отыр.

评论