Франция Африкадағы корольдің басын қайтарды. Ал Ресей Хан Кененің мәселесін бір шешпеді...

1642
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/te1SRkZQnkA77APHfew5t7GRlCNNYjeB9AeO1FSr.webp

Француз әскерлері отарлау соғысы кезінде өлтірген малагасий патшасының бас сүйегі ресми түрде Мадагаскарға қайтарылды. Патша Тоэраның бас сүйегі және оның сарайындағы тағы екі адамның сүйектерін тапсыру рәсімі Париждегі Францияның мәдениет министрлігінде өтті. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

XIX ғасырдың соңында бұл бас сүйектер Францияға әкелініп, ел астанасындағы Табиғи тарих музейінде сақталған. Бұл – Франциядағы коллекциялардан адам сүйектерін қайтаруды жеделдетуге бағытталған жаңа заңның алғаш қолданылуы.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Францияның мәдениет министрі Рашида Дати рәсім кезінде: “Бұл бас сүйектер ұлттық коллекцияларға адам қадір-қасиетін аяққа таптаған, отарлық зорлық-зомбылық жағдайында түскен", деп мәлімдеді.

1897 жылдың тамызында Франция Батыс Мадагаскардағы сакалава халқының Менабе патшалығын отарлық бақылауға алу үшін әскер жіберіп, жергілікті әскерді қырып салған.

Патша Тоэра өлтіріліп, басы шабылып, Парижге жіберілген. Ол сонда Табиғи тарих музейінің мұрағатына орналастырылған.

Шамамен 130 жылдан кейін патшаның ұрпақтары мен Үнді мұхитындағы арал мемлекетінің үкіметінің қысымымен бас сүйекті қайтаруға жол ашылды.

Бас сүйектің Тоэра патшаға тиесілі екенін ДНҚ арқылы дәлелдеу мүмкін болмады. Бірнеше жыл бұрын жүргізілген сынақтар нақты нәтиже бермеген. Соңғы шешімді дәстүрлі сакалава рух медиумы қабылдады, ол бұл бас сүйектің патшаға тиесілі екенін растады.

Мадагаскардың мәдениет министрі Воламиранти Донна Мара да сөз сөйлеп, AFP агенттігі хабарлағандай, бұл қайтаруды “маңызды қадам" деп атады.

«Бұл сүйектердің жоқтығы бір ғасырдан астам уақыт бойы... аралымыздың жүрегіндегі ашық жара болып келді," - деді ол.

Бұл – Францияның отарлық кезеңіндегі адам сүйектерін алғаш рет қайтаруы емес. Ең танымал жағдай – “Хоттентот Венера" деген мазақ атауға ие болған оңтүстікафрикалық әйелдің сүйектерінің 2012 жылы еліне қайтарылған еді.

Алайда, соңғы жағдай жаңа заң аясында жүзеге асқан алғашқы қайтарым.

Табиғи тарих музейінде ғана әлемнің түкпір-түкпірінен "ғылыми мақсатта" әкелінген 20 мыңнан астам адам сүйегі сақтаулы деп есептеледі.

Айта кетейік, Кенесары Қасымұлының басы – Қазақстан тарихындағы ең өзекті әрі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі.

Бірқатар тарихшылардың мәліметі бойынша, Кенесарының басы Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада (Антропология және этнография музейі) сақталған болуы мүмкін. Алайда музей басшылығы да, Ресей билігі де бұл ақпаратты не растамады, не теріске шығармады. 2011 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл мәселені ресейлік тараппен көтеріп, іздестіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған болатын. 

Қазақстан билігі 1990 жылдардан бастап Кенесары ханның басын елге қайтару жөнінде бірнеше рет ресми түрде мәселе көтерді.

2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару – тарихи әділдік” деп атап, бұл мәселені қайта қозғады.

2021 жылы Ресейдің Антропология және этнография музейінде сақталған кейбір экспонаттар ішінде қазақ хандарына тиесілі болуы мүмкін адам сүйектері бар екені расталған.

Зерттеушілер Кенесарының ұрпақтарынан генетикалық ДНҚ сынамалары алынып, Санкт-Петербургтегі музейдегі қалдықтармен салыстырылуы керек деген пікір айтты. Бірақ бас сүйектің нақты Кенесарыға тиесілі екені туралы дәлелді антропологиялық немесе генетикалық сәйкестік әзірге жарияланған жоқ. Алайда, әлі күнге дейін Хан Кененің мәселесі шешілмеді.

 

评论