Рухани дамуға жол ашқан байқау

2275
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XDlYxr7UUaQU2zUIGXTqYoSAvjXXz4ZTmaG3OjRt.jpg

22 тамыз күні Казталов ауданында «Мен оқыған 30 кітап» І облыстық байқауы өтті. Білімді шыңдаған рухани байқауға Теректі, Тасқала, Қаратөбе, Жәнібек, Бөкей Орда, Шыңғырлау, Жаңақала, Бәйтерек, Ақжайық, Казталов аудандары мен Орал қаласынан 15 оқушы қатысты. 

«Мен оқыған 30 кітап» байқауы Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұловтың бастамасымен жүзеге асып жатқан рухани жоба. 2023 жылдан бастау алған жобаның аудандық кезеңі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. 2023-2025 жылдар аралығында байқауға 120-ға жуық оқушы қатысты. 

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге»,  — деп Абай айтқандай, артық білуге талап қылып, кітап оқуға құмар жас оқырмандарға ауданымыздың жомарт азаматтары, аудандық мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп, жүлде қоры 1 000  000 теңгені құрады. 2023 жылы байқау қорытындысына сәйкес, Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Жансая Бекет жүлделі І орынды (300 000 теңге) иеленсе, Ғ.Бегалиев атындағы ЖОББМ-нің оқушысы болған Ілияс Қайсағали ІІ орын (200 000 теңге), Казталов мектеп-лицейінің оқушысы Айым Тольятти және Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Толғанай Қыдырғалиева жүлделі ІІІ орынды (100 000 теңге) иеленсе, 10 оқушыға 30 мың теңгелік сертификат табысталды. Байқауға ақын,  ұстаз,  Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,  Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі,  «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы.Алтынсарин медалінің,  «Парасат» орденінің иегері, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» Дариға Ғазизқызы Мұштанова,  ақын,  тілші,  ҚР Журналисттер Одағының мүшесі Қыдырғали Харесұлы Абдрахманов, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының әдіскері Құралай Темірболатқызы Арыстанова,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі,  Халық шығармашылық орталығындағы ақпарат бөлімінің әдіскері,  ақын,  журналист Асантемір Қаршығаұлы төрелік етіп,  оқырман оқушылар арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады.

Шарада жерлес ақын Дариға Мұштанова «Жүздері бақытқа толы балалар байқауына куә болып тұрмын. Демеуші болған депутат ағаларының жүздерінен нұр төгіліп, оқушылар да ерекше қуанышқа бөленіп отыр. Мен сіздердің әрқайсысыңыздан жарқылдаған жанарларыңызға қарап болашақ зиялы қауымды көріп тұрмын» деп тебірене сөз сөйлесе,  Асантемір Қаршығаұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында «Казталов ауданы "Мен оқыған 30 кітап" жобасын жүзеге асырды. Қатысушы қырықтан астам оқушылар бірінен бірі өтеді. Әдебиетке деген құштарлықтары керемет. Бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін қатысқан балалар әр шығарма кейіпкеріне тоқталып, олардың тағдырына немқұрайлы қарамайтындықтарын жарыса жеткізді. Болашақта жазушы боламын дегендері де кездесті. Қуанып қайттық. Ұйымдастырушылар ақшалай сыйлықтарын табыс етті. Осы шараны ұйымдастыруға қаржыны аудан депутаттары өз қалталарынан шығарған. Басқаларына үлгі боларлық іс бастаған Казталов ауданы азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,- деп пікірімен бөліскен-ді. 

Шығыс ғұламасы Әлішер Науаи «Кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», — деген. Казталовтық оқушылар кітап оқу арқылы білімін толықтырып қана қоймай, өмірлік азық жинақтады. Ал 2024 жылы талапты ізденімпаз оқырмандар үшін «Мен оқыған 30 кітап» ІІ аудандық байқауы оздырылып, жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Бұл жолы байқауда оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп, аудан мектептерінің 5-7, 8-11сынып оқушылары қатысып, бақтарын сынады.

Байқаудың әділ өтуіне жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, ҚР Акпарат саласының үздігі, Қазақстан жазушылар одағының БҚО филиалының директоры, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы Губайдуллин, қазылар алқасының мүшелері: Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Харесұлы Абдрахманов, «Қазақстанның құрметті кітапханашысь» төсбелгісінің иегері, Қараоба ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Лаура Әдиеткызы Бердіғалиева қазылық етті. 

Бұл жолы жүлделі ІІІ орынға ие болған Азиза Айбарқызы, Сәнім Манасқызы, Аяулым Серікқызы, Айман Миржанқызына 100 мың теңгелік сертификат, сайыстың ІІ орын жүлдегері Айша Медетқызы, Бахтияр Бауыржанұлына 200 мың теңгелік сертификат және І орын жүлдегелері Рамина Арманқызы, Нұрайым Нұрланқызына 300 мың теңгелік сертификатты салтанатты түрде табыс етілді. Ал 20 оқушы 30 мың теңге ынталандыру сыйлығына ие болды. 

– «Мен оқыған 30 кітап» байқауы биыл Казталов ауданында екінші рет ұйымдастырылды. Бұл демалыс кезінде мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан оқушыларға берілген тапсырма десе де болады. Менің байқағаным, казталовтық оқушылардың ересектердің ескертуінсіз-ақ кітап оқуға ынта-ықыласы артқан. Бұл, әрине, қуанарлық та, құптарлық та құбылыс. Оқушылардың, ұл-қыздарымыздың интеллектуалдық дәреже-деңгейін көтеретін мұндай бастаманы біз берісі облыстық деңгейде, әрісі кең байтақ Қазақстан бойын­ша насихат­тауға бек пейілдіміз. Әрине, кітап оқу, көркем әдебиет – адамзат қоғамы үшін де, жеке адам үшін де интеллектуалдық тұрғыдан адамның ой-өрісін дамытып, дүниетанымын кеңейтетін, таным-түсінігін тереңдететін, қоғамдық санаға ықпалды институт­тардың бірі. Алдағы уақыт­та аудан көлемінде мұндай бастама үзіліп қалмай, жүйелі жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ мұндай жасампаз бастаманы өзге аудан-ауылдарға қоса, облыс орталығындағы, республикадағы білім ошақтары да іліп әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Бауыржан Файзоллаұлы республикалық, өңірлік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Кітап — адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан ғасырға,  ұрпақтан ұрпаққа  жеткізіп беретін рухани байлық. Жас ұрпаққа кітаптың қадірі мен қасиетін,  оның мол қазынасын ұғындыру,  балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру ұлт келешегінің жарқын болуы үшін жасалатын игі қадам. 

Осындай игі мақсатты көздеген «Мен оқыған 30 кітап» жобасы биыл да  аудан әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылды Байқау барысында қатысушылардың дайындығына әділ қазылар алқасы жоғары баға берді. Қазылардың пікірінше, әрбір үміткер өзіндік ізденісімен ерекшеленіп, әдебиетке деген шынайы қызығушылығын танытты.

Жас оқырманның зейінін арттырған байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев рухани байқаудың маңызын атап өтті. 

— Бұл байқау – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген құштарлығын тереңдете түсетін игі бастама. Оқырман жастар – қоғамның рухани тірегі. Себебі кітап оқыған ұрпақ – білімді, парасатты, саналы азамат болып қалыптасады. Ел Президенті атап өткендей, XXI ғасыр – білімді жастардың ғасыры. Сондықтан біз осындай жобаларды қолдап, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз қажет,  — деген аудан әкімінің орынбасары мәңгілік қазынаны құрметтей білген оқушыларға ризашылығын білдірді. 

Байқау қорытындысы бойынша 5-7 сынып оқушылары арасында І орынға Қараөзен мектеп-лицейінен Айша  Рахимова (100 мың теңге), ІІ орынды Қараөзен мектеп-лицейінен Жәния  Мақсотова (70 мың теңге) иеленсе, ІІІ орынға Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Азиза Ережеп (50 мың теңге) ие болды. Ал 8-11 сынып оқушылары арасында І орынды А.Құсайынов атындағы ЖОББМ-нен Гүлсана Қайрат (100 мың теңге), ІІ орынды Жаңажол ЖОББМ-нен Жансая Бекет (70 мың теңге), ІІІ орынды Қараөзен мектеп-лицейінен Аяулым Тлепберген (50 мың теңге) иеленді. Сонымен қатар белсенділік танытқан 20 жас оқырманға қаржылай ынталандыру сыйлығы мен оқу құралдары табысталды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп, жастарды кітап оқуға үндеген болатын. Биыл «AMANAT» партиясының қолдауымен, Казталов ауданы әкімдігінің бастамасымен алғаш рет «Мен оқыған 30 кітап» байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылып отыр. Байқаудың әділ-қазылар алқасы да еліміздің біртуар перзенттері, мақтаныштары, ұл руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген жандар. Атап айтар болсақ, ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш»» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Дариға Мұштанова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі,  Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Алтын домбыра» иегері Жансая  Мусина, философия ғылымдарының докторы (PhD), М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті Айдарбек Ақболатов, Астана қаласынан арнайы келген «Adyrna media holding» ЖШС директоры, журналист Арман Әубәкір қазылық етті.

Байқауға Орал қаласынан БҚО дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп – гимназия – интернаты 11 сынып оқушысы Мөлдір Темірхан, Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп – лицей – интернатының 11  «а»  сынып оқушысы Элеонора Мәлік, Ақжайық ауданынан Базартөбе ЖОББ мектебінің 9 сынып оқушысы Азиза Қайрат, Бәйтерек ауданынан Қ.Аманжолов атындағы ЖОББМ-нің 9 сынып оқушысы Айзере Әліпқали, Жаңақала ауданынан Жаңақала мектеп гимназиясының 10 сынып Аяна Теміреш, Шыңғырлау ауданынан Шыңғырлау ЖОББ мектебінің 8 сынып оқушысы Айзере Жаумбай, Бөкей Орда ауданынан М.С.Бабажанов атындағы ЖОББ мектебінің 11 сынып оқушысы Аянат Жақсыбекқызы, Жәнібек ауданынан Ғ.Абдуллин атындағы ЖОББ мектебінің 8 сынып оқушысы Сезім Сағадат, Қаратөбе ауданынан Алакөл негізгі орта мектебінің  9 сынып оқушысы Нұрайна Төлеген, Қаратөбе ауданынан Шалғын  негізгі орта мектебінің 9 сынып оқушысы Гүлсезім Қалекен, Тасқала ауданынан Мереке мектеп–бөбекжай–балабақша кешенінің 9 сынып оқушысы Айкөркем Жасұлан, Теректі ауданынан Подстепной ЖОББ мектебінің 9 «б» сынып оқушысы Әлия Кеңес, Казталов ауданынан А.Хұсайынов атындағы ЖОББМ-нің 8 сынып оқушысы  Гүлсана Қайрат, Жаңажол ЖОББМ-нің 11 сынып оқушысы Жансая Бекет, Қараөзен мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Аяулым Тлепбергенова қатысып, бақтарын сынауда. 

Байқаудың марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жас оқырмандар мен жетекшілеріне ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады. 

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», — деген болатын. Бүгінгі байқау – осы үндеудің өміршеңдігін дәлелдеп, жас ұрпақты ізденіске, білімге, оқуға жетелейтін тағылымды жоба. Қазақта «Бөрі болып жүру үшін, қарағым, бөлтірік боп туу керек о бастан» деген тағылымды сөз бар. Бүгін кітаппен сырласқан, ой өрісін кеңейткен жас оқырмандарымыз – ертеңгі елдің көшін бастайтын, ойы терең, парасаты биік азаматтарымыз болары сөзсіз. Байқауға қатысқан барша оқушыларға, олардың еңбегін бағалаған ұстаздарына, әділ-қазылар алқасына, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін! Жүлделі орын иелерін шын жүректен құттықтаймын! Кітапқа құштар ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Білім жолындағы ізденістеріңіз толастамасын, биік белестерден көріне беріңіздер!,  — деді аудан әкімі. 

Білім мен талап шыңдалған байқаудың қорытындысына сәйкес жаңақалалық Аяна Темірхан, қаратөбелік Нұрайна Төлеген, Гүлсезім Қалекен, ақжайықтық Азиза Қайрат, тасқалалық Айкөркем Жасұлан, теректілік Алия Кеңес,  25 000 тың теңге ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ал «Кітап әлемінің саяхатшысы» аталымымен марапатталған жәнібектік Сезім Сағадат «AMANAT» партиясының арнайы жүлдесіне ие болса, «Ұшқыр ойлы оқырман» аталымымен оралдық Элеонора Мәлік, «Ізденімпаз оқырман аталымымен» Жансая Бекет, «Білімпаз оқырман» аталымымен оралдық Мөлдір Темірхан, «Зейінді оқырман» аталымымен Бөкей ордалық Аянат Жақсыбекқызы, «Талғампаз оқырман» аталымымен Айзере Әліпқали марапатталып,  50 000 теңге қаржылай сертификат табысталды. 

«Мен оқыған 30 кітап» І облыстық байқауында жүлделі ІІІ орынға казталовтық Аяулым Тлепберген тұрақтап (100 000 теңге), ІІ орынды казталовтық Гүлсана Қайрат қанжығасына байласа (200 000 мың теңге), І орынға шыңғырлаулық Айзере Жаумбай ие болып, арнайы дипломмен және 300 000 теңге сертификатпен марапатталды. 

«Мен оқыған 30 кітап» байқауы бастау алған уақыттан бері «Adyrna»ұлттық порталы тұрақты түрде ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Астана қаласынан арнайы келген «Adyrna media holding» ЖШС директоры, журналист Арман Әубәкір де жоба хақында пікірімен бөлісті. 

— Билл Гейтстің керемет бір сөзі бар:  «Кітап оқымағандарды кітап оқығандар басқарады», — дейді. Ой санасы дұрыс қалыптасатын тұлғалар, міндетті түрде кітап оқыған деп білемін. Сондықтан өзіндік пікірі, көзқарасы, ұстанымы бар адам кітап оқыған жандардың қатарынан шығады. Ал әлеуметтік желіде тренд, сән қуып жүру білімсіздіктің, кітап оқымаудың салдарынан деп білемін. Жалпы балаларды кітап оқуға бастайтын, қызықтыратынол — көркем шығарма. Көркем шығарма — оқырманды қиялға жетелеп, қанат бітіреді. Бұл жетістікке жету үшін маңызды. Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданында бастау алған «Мен оқыған 30 кітап» жобасының өзге аудандарды да қамтып, облыстық кезеңінің ұйымдастырылуы байқаудың қанатының кеңге жайғанын аңғартады. Алдағы уақытта республикалық кезеңі де ұйымдастырылады деген сенімдемін. Жобаның мәні мен мазмұны терең екенін ескере отырып, үнемі ақпараттық қолдау көрсетеміз,  — деді ол.

Ал облыстық байқау жеңімпазы Айзере Жаумбай жобаның маңызына тоқталды. 

— Бұл 30 кітапты оқу оңай шаруа емес. Кітаптарды оқу барысында оқырман 30 кітаптан, 30 түрлі күй кешеді. Өйткені кітаптар адамның сауатын ашуға, тілдік қорын дамытуға септігін тигізеді. Осы кітаптардың ішінде маған ерекше ұнағаны Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» екенін атап өткім келеді. Осындай тәлімі мен тәрбиесі, танымы мол байқаудың ұйымдастырушыларына алғысым шексіз,  — деді жас оқырман. 

Бұл байқау – жас оқырманның санасына сәуле құйып, жүрегіне ізгілік ұялатқан, ой көкжиегін кеңейткен игі қадам болды. Кітап арқылы уақытпен сырласқан әр бала болашақта елін сүйер, рухы биік азаматқа айналары анық. «Мен оқыған 30 кітап» – тек жарыс емес, жас ұрпақтың болашағына салынған алтын көпір.

 

Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ, 

Казталов ауданы әкімінің көмекшісі 



评论
其他材料