Мазари-Шарифте құлатылған Науаидің ескерткішінің орнына жаңасы тұрғызылады – Тәліптер уәдесі

1835
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BEZRE7tT7iH4OwDyPmi0BdOpAIzqy89hrzLbGc6O.jpg

Радикалды «Талибан» қозғалысының өкілдері Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы ұлы ақын Әлішер Науаиге арналған ескерткіштің толықтай жойылғанын Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне растады. Ауған билігі бұл жағдайға өкініш білдіріп, ұлы ойшылға жаңа ескерткіш орнатуға уәде берген. Бұл туралы Өзбекстан СІМ баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Бірнеше күн бұрын ауған БАҚ-ы Мазари-Шариф қаласында 17 жыл бұрын орнатылған Әлішер Науаи ескерткішінің бұзылғаны туралы ақпарат тараған. Бұған дейін ескерткіштің бір бөлігі ғана бүлінген болса, енді ол толықтай жойылған. Тәліптердің бұл әрекеті тегі түркі педагогтар мен саясаткерлердің ашу-ызасын туғызды. Олардың айтуынша, радикалдар өзге этностардың рухани құндылықтары мен адамзаттың тарихи мұраларына мән бермей, іс жүзінде елдің мәдени-тарихи болмысын «тазартуға» көшкен.

Бұл жаңалық Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің алаңдаушылығын туғызып, олар тәліптерден ресми түсініктеме сұраған. Ауған үкіметі ескерткішті қала билігі бұзғанын, себебі оның тұрған жері «ұлы ғалымның атына лайық болмағанын» түсіндірген. Радикалды қозғалыс өкілдері демонтаж жұмыстары Ауғанстанның Мәдениет және ақпарат министрлігімен де, қоғаммен де келіспей жүргізілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, тәліптер Әлішер Науаи есімінің тек Өзбекстан үшін ғана емес, Ауғанстан халқы үшін де маңызды екенін айтып, көрші елге сендірген. Осыған байланысты Мазари-Шарифте ақын әрі ойшылға арналған жаңа ескерткіш салынатыны және мемориалдық кешен орнатылатын аумаққа оның есімі берілетіні хабарланды.

21 тамызда Nova24.uz ақпарат агенттігі ауған БАҚ-тарына сілтеме жасап, Мазари-Шарифте Әлішер Науаиге арналған жаңа ескерткіштің құрылысын бастау рәсімі өткенін хабарлады. Шараға жергілікті әкімдік өкілдері мен Өзбекстанның бас консулдығының қызметкерлері қатысқан. Айта кетсек, болашақ ескерткіштің алғашқы іргетасын қалау рәсімінен кейін жиналғандар ұжымдық дұға оқыған.

评论
其他材料