Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) республика аумағында жұмыс істейтін Ресей темір жолдары (РЖД) ашық акционерлік қоғамының филиалына қатысты тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Тексеруге себеп – «Agrimer Mamlutka» ЖШС-нің өтініші. Қазақстандық компания Петропавл бөлімшесі — Оңтүстік Орал темір жолының (РЖД филиалы) метрологиялық қамтамасыз ету қызметінің бағасын күрт көтергенін мәлімдеді. Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап аталған қызметтің құны қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алғанда 845 261,76 теңгеге ($1,5 мың) дейін, яғни 9,5%-ға өскен. Бұл ретте Қазақстанның басқа өңірлерінде дәл осындай қызметтің бағасы шамамен 391 000 теңге ($727) көлемінде.
Агенттік жүргізген талдау нәтижесінде монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Бұл – Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1-тармағына сәйкес, бәсекелестікке қарсы әрекет болып табылады.
Жалпы, агенттіктің тергеп-тексеру мерзімі үш айдан бес айға дейін созылады.
Петропавлдағы Оңтүстік Орал темір жолы бөлімшесі – Қазақстанның солтүстігінде орналасқан осы аттас қалада орналасқан. Бұл бөлімше жолаушылар және жүк тасымалымен айналысады. Сонымен қатар, темір жолдарды күтіп-ұстау қызметін атқарады. Бұл – Қазақстан аумағындағы Ресейдің «РЖД» ААҚ-ның жалғыз филиалы.