Путиннің президент емес кезіндегі пікірі жарияланды. Қырым мен Қазақстанға көз аларту ма?

2126
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nrF8PqdrrwsIHpkANANbfvAbBlzc7xkWXb796utZ.jpg

Фото: Michael Jung/dpa/picture allian

1994 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қырым, Шығыс Украина және Солтүстік Қазақстанға қатысты аумақтық талаптарын білдірген. Бұл туралы Германияның Der Spiegel журналы 31 шілде күні, Германия Сыртқы істер министрлігінің архивтік құжаттарына сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

2025 жылғы 21 шілдеде Мюнхендегі Қазіргі заман тарихы институты (Institut für Zeitgeschichte) шығарған «ГФР-дың сыртқы саясатына қатысты құжаттар» жинағының кезекті томы сатылымға шықты. Жаңа том 1994 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған.

Der Spiegel журналистерінің жазуынша, бұл жинақтағы бір құжатта Германияның Санкт-Петербургтегі бас консулының 1994 жылғы 14 қаңтарда жазған жазбасы бар. Онда Путиннің бұған дейін де айтқан пікірін «эмоциямен қайталағаны» жазылған.

Путин Украина мен Қазақстанға қатысты не деді?

Герман дипломатының жазбасында:

 «Оның айтуынша, Қырым, Шығыс Украина және Солтүстік Қазақстан – кем дегенде осы аймақтар – Ресей үшін ешқашан шетел болып саналмаған, олар әрқашан Ресей аумағының бір бөлігі болған. Ешбір орысқа бұл жерлердің енді басқа елдерге тиесілі екенін түсіндіру мүмкін емес», – деген сөздер келтірілген.

Сол жазбада Путин бұл – немістерге түсінуі қиын болуы мүмкін орыс ұлтының ішкі сезімі екенін атап өткен.

Путин сөзін жалғастырып, егер Украина мен Қазақстандағы орыстардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы болса, «мәселе жоқ» деген. Бірақ оның бағалауынша, жағдай олай емес болғандықтан, бұл Владимир Жириновский секілді ресейлік ұлтшыл саясаткерлерге тиімді болған.

«Батыс елдері Ресей империализмінің қайта жандануын айтып жүр, бірақ бұл — ресейлік мүдделерді әділ түсінудің көрінісі», – деп мәлімдеген Путин.

Ашық деректерге сәйкес, 1991–1995 жылдары Германияның Санкт-Петербургтегі бас консулы болған Эберхард фон Путткамер 2019 жылы өмірден озған.

1994 жылы Владимир Путин Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчактың әкімшілігінде басшылық қызмет атқарған. Собчак Батыспен қарым-қатынасты дамытуға тырысқанымен, Украина билігін ұлтшыл деп айыптап, Қырым Ресейге тиесілі болуы керек деген пікір айтқан. Оның ойынша, КСРО тарағаннан кейін бұрынғы республикалар 1922 жылғы – Кеңес Одағы құрылған кездегі жағдайға қайта оралуы тиіс еді.

评论