Ресейлік "Аэрофлот” әуе компаниясының ақпараттық жүйесіне хакерлік шабуыл жасалып, салдарынан бірнеше өңірмен әуе байланысы үзілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW басылымына сілтеме жасап.
Қиыр Шығыс пен Калининград облысы “оқшауланған”. Көптеген жолаушы Сочи, Минводы және шетел бағыттарына сапар шеге алмай, әуежайда қалып қойған.
“Аэрофлот” рейстердің бір бөлігі кейінге шегеріліп, кейбір бағыттардан мүлде бас тартқанын мәлім етті. Компания жолаушыларға ресми сайт пен әуежай таблоларынан ақпаратты жиі тексеріп отыруды ұсынды.
Шабуылға жауапкершілікті Silent Crow атты хакерлік топ өз мойнына алды. Ресейлік “Коммерсантъ” дерегінше, бұл топ беларусьтік “Киберпартизаны BY” ұйымымен бірігіп, 2024 жылдың шілдесінен бері “Аэрофлоттың” корпоративтік желісіне кіріп, 12 Терабайт деректі көшіріп алған. Олар компанияның 7 мыңға жуық физикалық және виртуалдық серверін жойғанын мәлімдеді.
Silent Crow мәліметінше, олар бір жыл бойы жасырын түрде желі ішінде жұмыс істеп, әуе тасымалдары, тыңдау құрылғылары, қызметкерлерді бақылау жүйелерінен деректер алған.
Хакерлердің айтуынша, бұл шабуыл “Аэрофлотқа” стратегиялық деңгейде залал келтірген, ал жүйені қалпына келтіру ондаған миллион долларға түсуі мүмкін.
Осы шабуылдан кейін “Аэрофлот” қана емес, оның еншілес компаниялары – “Россия” мен “Победа” да 100-ден астам рейстен бас тартты. Шереметьево әуежайынан Астана, Ташкент, Минск, Ереван бағыттарындағы халықаралық рейстер де тоқтатылды.
Қазақстан Көлік министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, “Аэрофлоттың” “Мәскеу – Астана – Мәскеу” рейсі техникалық себептермен орындалмағанын хабарлады. Жолаушыларға хабарлама жіберілген. Бұл мәселе ведомствоның ерекше бақылауында.
Ресей бас прокуратурасы шабуылға байланысты қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша іс қозғады. Мәскеу көлік прокуратурасы 140-тан астам рейстің тоқтауын жеке бақылауға алған.
Мамандардың айтуынша, бұл оқиға ірі компаниялардың киберқауіпсіздікке салғырт қарауының салдары болуы мүмкін. Silent Crow тобы бұған дейін де Ресей мен Беларусьтің мемлекеттік ІТ-жүйелеріне шабуыл жасағанын мәлімдеген.
Сонымен қатар, Ресей авиациясына қарсы бірнеше бағыттан соққы жасалуда. Халықаралық санкциялар аясында ұшақтар мен қосалқы бөлшектерді сатуға тыйым салынған. Бұған қоса, дрондар шабуылына байланысты Мәскеуде және өзге өңірлерде рейстер жиі тоқтатылады.
Мамандар бұл жағдайдың әлі де бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін ескертуде. Ал “Аэрофлот” қазіргі уақытта өз ІТ-инфрақұрылымын қалпына келтірумен айналысып жатыр.