Президент араласқан соң. Алматыдағы балалар үйі көшірілмейтін болды

3136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/F3FjeVOFjbkYSzJkSrHXiJHYUzrJOK21oJelMNBI.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа көшіруді тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді»,—делінген хабарламада.

Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.

Руслан Желдібай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталатынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін, 21 шілдеде полиция қызметкерлері балаларды Қонаев қаласындағы жаңа балалар үйіне көшіру үшін келген болатын. Алайда тәрбиеленушілер көлікке мінбей, шу шығарды. Олар бұл шешіммен келіспейтіндерін айтып, наразылықтарын білдірді.

Бағанашылдағы балалар үйін көшіру туралы бастама наурыз айында басталған болатын. Облыстық білім басқармасы мекеменің іргетасы 1963 жылы қаланғанын, содан бері күрделі жөндеуден өтпегенін айтқан. Мамандар балаларды қауіпсіз жерге көшіру мәселесі туындағандықтан, жеке инвестордың қаржысына Қонаевта жаңа балалар үйі бой көтергенін жеткізген. Алайда қоғам белсенділері мен мекемеге қолдау көрсетіп жүрген демеушілердің қарсылығынан кейін жергілікті билік «көшірмейміз» деп уәде берген еді. Алайда кейіннен тәрбиеленушілердің Қонаевқа көшетіні белгілі болды.

评论
其他材料