Баку мен Мәскеу араздасқанда. Президенттер жиынына Қазақстаннан премьер барды

1306
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/e3BHtKFDFxi2b5SrOEP4QxAO3p4OjB5nc60FXwu6.jpg

4 шілде күні Әзербайжанның Ханкенди қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) 17-ші саммиті өтті. Бұл – Қарабақ аймағында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды халықаралық жиын болды, деп хабарлайды “Адырна”.

Саммитке қатысушылар қатарында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ауғанстан вице-премьері Абдул Ғани Барадар, Қазақстаннан премьер-министр Олжас Бектенов және басқа да елдердің өкілдері болды.

Саммиттің ашылуында сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ханкенди қаласында ЭЫҰ саммитін өткізу – Қарабақтың бейбітшілік пен өркендеуге бет алғанының айғағы екенін атап өтті. Ол Арменияның 30 жыл бойғы оккупациясы салдарынан 20% аумақ жойылғанын, 1 миллионға жуық әзербайжандық өз жерінен қуылғанын, ал аймаққа бір миллионнан астам мина қойылғанын айтты. Соғыс аяқталғаннан кейін 400-ге жуық адам мина жарылыстарынан қаза тапты немесе жараланды.

«Ұлы қайтару» бағдарламасы аясында босқындар туған жерлеріне қайта оралуда. Қазірдің өзінде 50 мыңнан астам адам азат етілген аймақтарда өмір сүруде. Сонымен қатар, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен ЭЫҰ-ға мүше елдерден Батыс Әзербайжаннан қуылған азаматтардың да тарихи жерлеріне оралу құқығын тану сұралды.

Саммит аясында алғаш рет ЭЫҰ апталығы ұйымдастырылды. Шуша қаласында Бизнес-форум, Агдамда Жастар форумы және Лачинде Әйелдер форумы өтті. Сонымен қатар, Әзербайжанда ЭЫҰ Зерттеу орталығы мен Таза энергия орталығының құрылуы жоспарлануда. 2026 жылы Шуша қаласы ЭЫҰ-ның туристік астанасы деп жарияланды.

Президент Әлиев сонымен қатар, соңғы 20 жылда елге 350 миллиард доллар инвестиция тартылғанын, оның жартысы шетелдік екенін атап өтті. Әзербайжан 12 елге табиғи газ экспорттап, маңызды көлік-логистика хабына айналып отыр.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев саммитте сөйлеген сөзінде ЭЫҰ елдері арасындағы экономикалық және логистикалық байланысты күшейтуді ұсынды. Ол Ауғанстанның саммитке қатысуын құптай отырып, Трансауған дәлізі мен Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол жобасын атап өтті. Сонымен қатар, «Экоинвест» инвестициялық бағдарламасын қабылдау, электрондық сауданы дамыту, «жасыл дәліздер» жүйесін құру, авиация мен туризмді біріктіру секілді бастамалар көтерілді.

Мирзиёев сондай-ақ Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың тоқтауын оң қадам ретінде бағалап, Палестина мәселесін БҰҰ қарары негізінде шешуді қолдады.

Саммит соңында Президент Ильхам Әлиев форумның табысты өткенін айтып, барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Ол айтылған ұсыныстар 2026–2035 жылдарға арналған даму стратегиясына енгізілетінін атап өтті.

Ханкендиде өткен бұл тарихи саммит Қарабақ өңірін бейбіт даму мен халықаралық ықпалдастықтың жаңа кезеңіне бастады.

Бұл жиын соңғы күндері Әзербайжан мен Ресей арасындағы жағдай ушыққан кезде өрістеп отыр. Ресейдегі әзербайжан диаспорасы өкілдері қысымға ұшырап, екі адам қаза тапқан. Кейін Әзербайжан да ресейліктерді ұстап, қамаған. 

评论
其他材料