Астанада өтіп жатқан II Орталық Азия медиафорумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформа құру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министрдің айтуынша, бұл бастама мемлекет басшылары деңгейінде бірнеше рет көтерілген. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік медиаөнімдер жасау туралы ұсыныс білдірген. Бұл ұсыныс қазіргі таңда нақты жобаларға ұласып, іске асу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Аида Балаева форумның аймақ елдері үшін ақпараттық ынтымақтастықты дамытуға арналған бірегей алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен телеарна арқылы Орталық Азия халықтарының достығы мен бірлігін насихаттайтын, сондай-ақ өңірдің тарихы мен мәдениетін танытатын танымдық бағдарламалар ұсынылады.
Министр сонымен қатар, гуманитарлық саладағы байланыстардың да жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Бүгінде бірқатар ортақ жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада Euronews арнасының Орталық Азия бойынша өкілдігі ашылды, мәдениет күндері өткізіліп, креативті индустрияны дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр.
Орталық Азия журналистика академиясын құру, өңірлік журналистика сыйлығын тағайындау, жаңа тележобаларды іске асыру және аймақтық контентті халықаралық медиаплатформаларда ілгерілету – болашақтағы жоспарлар қатарында.