Қазба отындары COP31 конференциясындағы басты дауға айналды

87
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I7UBxmyjS5bIclbmQnziGckxRsIPfiiVLUtgaSHX.jpg

Фото: Reuters

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясында елдер арасындағы келіссөздер күрделене түсті. Жексенбі күні таңертең жарияланған келісімнің жаңа жобасында әлемдік экономиканы электрлендіру мақсаты сақталғанымен, қазба отындарынан бас тарту туралы нақты талап енгізілмеген, деп хабарлайды "Адырна".

AFP агенттігінің хабарлауынша, құжаттың соңғы нұсқасы жексенбі күні өтетін қорытынды отырыста 200-ге жуық елдің мақұлдауына ұсынылуы тиіс. Алайда бірқатар мемлекеттер жобаның мазмұнына наразылық білдіріп отыр.

Еуропалық одақ өкілі жаңа жобаны «кері қадам» деп бағалап, келіссөздердің ортақ келісімсіз аяқталу қаупі бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұнай өндіруші елдер қазба отындарына қатысты талаптарды жұмсарту үшін белсенді түрде қарсылық танытып жатыр.

Айта кетейік, конференция барысында қазба отындарынан кезең-кезеңімен бас тарту мәселесі негізгі даулы тақырыптардың біріне айналды. Осы аптада ұсынылған алғашқы жобада қазба отындарын пайдалануды жедел қысқарту көзделген болатын. Алайда бейсенбі күні жарияланған екінші нұсқадан бұл туралы барлық тұжырымдар алынып тасталған.

Бұған жауап ретінде Франция мен Панама бастаған бірқатар мемлекет жұма күні келісімге қазба отындарынан нақты әрі айқын бас тарту жолын енгізуді талап етті.

Жаңа құжатта көмірқышқыл газын ұстау және сақтау технологияларын кеңінен қолдану туралы ұсыныс та сақталған. Бұл бастаманы энергетика саласының өкілдері қолдаса, сыншылар технологияның қымбат екенін және парниктік газдар шығарындыларын азайтудағы тиімділігі төмен екенін алға тартады.

Антигуа және Барбуда қоршаған ортаны қорғау министрі Майкл Джозеф те келісім жобасына көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, құжатта қазба отындары мәселесіне жеткілікті назар аударылмаған. Министр қазіргі нұсқасын қолдай алмайтынын мәлімдеді.

Осылайша, COP31 конференциясындағы басты мәселе – қазба отындарынан бас тарту жөнінде елдердің ортақ ұстанымға келе алмауы. Қорытынды келісімнің қабылдануы қатысушы мемлекеттердің өзара ымыраға келуіне байланысты.

Yorumlar
Diğer Haberler