Қоштаспайтындарға сабақ. Моңғолия президенті рәсім өткізіп доғарысқа кетті

296
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tQzAge863C0FAYwUX5UgDDDYGw32AO08jL5tlzch.jpg

Фото: Мontsame агенттігі

Бүгін, 20 қараша күні Ұлан-Баторда Сүхбаатар алаңында Моңғолияның алтыншы президенті болған 58 жастағы Ухнаагийн Хүрэлсүхпен қоштасу рәсімі өтті. Бұл туралы Montsame агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Рәсімнің басында президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан У.Хүрэлсүх Ұлы Шыңғыс хан ескерткішіне тағзым етті. Одан кейін арнайы орнатылған мінберге көтеріліп, құрмет қарауылы ротасының алдында орын алды. Осы кезде рота командирі, капитан Б.Энхманлай жеке құрамның салтанатты рәсімге дайын екенін баяндады.

Мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін У.Хүрэлсүх құрмет қарауылының жеке құрамымен сәлемдесті. Сондай-ақ рәсімге қатысқан дипломатиялық миссиялардың басшыларымен, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлермен, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшыларымен және қоғам өкілдерімен қол алысып амандасты.

Салтанатты рәсім көрнекті моңғол композиторларының шығармаларын орындаған үлгілі әскери үрмелі аспаптар оркестрінің өнер көрсетуімен аяқталды. Бұдан соң У.Хүрэлсүх орталық алаңнан кетті.

Іс-шараға мемлекеттік органдар мен үкімет өкілдері, соның ішінде парламент - Мемлекеттік Ұлы Хуралдың төрағасы Сандагийн Бямбацогт пен Премьер-министр Ням-Осорын Учрал қатысты.

Бұдан алдын Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх өз беделін қалпына келтіру мақсатында президенттік өкілеттігінен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеген.  Оған дейін Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы оны отставкаға кетуге шақырып, істің ақ-қарасын анықтауды талап еткен. «Мен бұл талапты қолдаймын. Моңғолия президенті ретіндегі өкілеттігімді тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қалпына келтіріледі», - деген. Айыптаулар Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолын салуға арналған құпия тендермен байланысты. Аталған тендердің жеңімпазы Bodi Group компаниясы болған. Болжам бойынша, кейбір саясаткерлер жалпы сомасы 110 миллион доллар болатын пара алуы мүмкін. Оған елдің бірнеше президентінің  қатысы болуы мүмкін екені айтылады. 

19 қарашада Ұлы Хурал президенттің доғарысқа кетуін қуаттаған соң ел басшысы қызметін парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогт уақытша атқаратын болды. 

Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылдың 25 маусымынан бері Моңғолия президенті қызметін атқарып келген. Ол 2017–2021 жылдары ел үкіметін басқарған. Оның әлі аяқталмаған бірнеше ай өкілеттігі қалған еді. Моңғолияда президент 6 жылға бір мерзімге ғана сайлана алады. Хүрелсүх доғарысын жариялаған соң, ел билігінде бірнеше лауазым иесі де отставкаға кетті.

Моңғолияда президенттің мерзімінен бұрын өз еркімен қызметтен кетуі бұрын-соңды болмаған. 

Yorumlar
Diğer Haberler