Заң бәріне ортақ: Президент мәлімдемесінің саяси маңызы

237
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/y8HwOZLZuoQ8TTsnBGvXOzljdJhHL1cn2ckWa84B.jpg

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Президент өз сөзінде мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне, Конституция талаптарын сақтау мен заң алдындағы жауапкершілікке ерекше тоқталды. Сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» қағидатының мемлекеттік басқару мен қоғам өміріндегі маңызын атап өтті.

Осы орайда саясаттанушы Таир Нигманов Президент мәлімдемесінің саяси және қоғамдық маңызына тоқталып, «Әділетті Қазақстан» мен «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының өзара сабақтастығы, жаңа Конституцияның легитимділігі және заң алдында барлығының тең болуы мәселелері жөнінде пікір білдірді.

Сарапшының пікірінше, жоғары лауазымды тұлғалардың да заң алдында жауап беруі мемлекеттік басқарудағы жеке жауапкершілікті арттыруға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ол бұл ұстанымдардың экономикалық даму, мемлекеттік институттардың тиімділігі және Әділетті Қазақстан құру міндеттерімен байланысын түсіндірді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен өзіне тән нақтылық пен принципшілдікті байқауға болады. Бұл сөз Мемлекет басшысының жеке саяси ұстанымын қаншалықты айқын көрсетеді? Қазіргі жағдайда мұндай нақты ұстанымдыжария түрде білдіру неліктен маңызды болды?

— Меніңше, мұнда екі маңызды қағидаттың сабақтастығы көрініс тапқан. Естеріңізге сала кетейін, бастапқыда «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы кеңінен насихатталды. Бүгінде бұл бағыт «Заң мен Тәртіп» қағидатымен толықтырылып, мазмұндық тұрғыдан ұштасып отыр.

Шын мәнінде, бұл екі ұстаным бірін-бірі толықтырады. Өйткені әділетті қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі – заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы. Яғни, адамның лауазымына, қоғамдағы орнына немесе қызметтік дәрежесіне қарамастан, әркім заң алдында тең болуы керек.

Осы тұрғыдан алғанда, жоғары деңгейдегі ұлттық компаниялардың басшыларына қатысты қабылданған шаралар аталған қағидаттардың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Бұл – ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын және қандай лауазым иесі болса да, құқық бұзған жағдайда заң алдында жауап беретінін айқындайтын маңызды ұстаным. Мұндай қадамдар қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл қағидаттар Конституцияда да көрініс тапты. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай ұстау шаралары Ата заңның және оған енгізілген өзгерістердің легитимділігін арттырып, олардың маңызын айқындай түседі.

— Мемлекет басшысы Конституцияны құрметтеу мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдің негізгі қағидаттарының бірі болуы керектігін атап өтті. Бұл ұстанымды конституциялық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі жөніндегі маңызды сигнал ретінде қарастыруға бола ма?

— Иә, жаңа Конституция қабылданды. Президент мәлімдемесіндегі «Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей» деген тұжырымына ерекше назар аударған жөн. Меніңше, бұл сөздің саяси мәні терең. Өйткені мәселе тек заң талаптарын сақтаумен шектелмейді. Мұнда мемлекеттің конституциялық негіздеріне, жүргізіліп жатқан реформаларға және халықтың ерік білдіруіне құрметпен қарау мәселесі де қамтылған.

Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда «Заң мен Тәртіп» қағидатының бекітілуін ескерсек, мұндай оқиғалар бұл ұстанымның жай ғана қағаз жүзіндегі сөз емес, билік жүзеге асыруға басымдық беріп отырған нақты идеологиялық бағыт екенін көрсетеді. Сонымен қатар бұл қағидаттың баршаға бірдей ортақ екенін, яғни адамның саяси-экономикалық иерархиядағы орны мен атқаратын лауазымына қарамастан, бәріне бірдей қолданылатынын айқындайды.

Демек, Конституцияны құрметтеу – тек құқықтық міндет емес, сонымен бірге мемлекет пен халық алдындағы азаматтық әрі саяси жауапкершілік.

— Мемлекет басшысы жоғары лауазым, сіңірген еңбек пен туыстық байланыстар ешкімді заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді. Бұл қағидат мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға және басшылардың жауапкершілігін арттыруға қалай ықпал етеді?

— Қазақстан қазір экономикалық тұрғыдан жаңа кезеңге аяқ басты. Бір кездері, шамамен 20 жыл бұрын елімізге молынан құйылған мұнай табысының дәуірі өтті деуге болады. Сондықтан Қазақстанға табыс табудың және экономиканы дамытудың балама жолдарын іздеу қажет. Оның үстіне, осыдан 20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, еліміздің халқы да едәуір өсті, әлеуметтік жүктеме де артты.

Сонымен қатар әлемдегі жағдай бұрынғыдан да құбылмалы әрі болжап айту қиын сипатқа ие болды. Осындай жағдайда Қазақстанға экономиканы қайта құрылымдап, оны әртараптандыру, инвестиция тартудың және экономикалық өсімді қамтамасыз етудің балама бағыттарын дамыту қажет. Жалпы, сыбайлас жемқорлық кез келген жағдайда зиянды құбылыс. Онымен қандай жағдай болмасын күресу қажет.
Қазіргі күрделі кезеңде сыбайлас жемқорлықтың зардабы екі есе ауыр. Адам белгілі бір лауазымға жынысына, жасына, этникалық тегіне, діни ұстанымына, тіліне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарай емес, кәсіби біліктілігі мен сол саладағы тәжірибесіне, басшылық қабілетіне қарай тағайындалуы керек.

Тағы бір маңызды қағидат – жеке жауапкершілік пен мемлекет мүддесіне адал қызмет ету. Әрбір басшы жеке басының немесе материалдық мүддесін емес, мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс.

Соңғы онжылдықтарда елден заңсыз шығарылған қаражаттың экономикаға кері әсері зор. Оның көлеңкелі секторға бағытталып, шетелдік банктердегі жеке шоттарда, шетелдегі жылжымайтын мүлік түрінде сақталуы ел экономикасының дамуына кедергі келтіреді.

Әсіресе, жоғарыда атап өткен экономикалық және әлеуметтік міндеттерді ескерсек, мұндай жағдайдың салдары әлдеқайда ауыр болады.

Сондықтан бізге жаңа мемлекеттік басқару мәдениеті қажет. Оның негізінде үш маңызды қағидат жатуы тиіс: біріншісі – меритократия, екіншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, үшіншісі – әрбір басшының өзіне жүктелген міндеттер мен жауапкершілік саласы үшін жеке жауап беруі.

— Президент заң алдында барлығының тең екенін және «Заң мен Тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыру қажеттігін тағы да растады. Бұл ұстанымдар сыбайлас жемқорлықпен күресуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және Әділетті Қазақстанды құруға қалай ықпал етеді?

— Заң мен Тәртіп қағидаты және заң алдында барлығының теңдігі туралы айтқанда, бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Кейде жекелеген азаматтар пара беру немесе заң талаптарын бұзу мәселесінде өз әрекеттерін ақтауға тырысады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездеседі.
Яғни жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлық жекелеген адамдар үшін күнделікті өмірдегі құқық бұзушылықтарды ақтайтын моральдық негізге айналуы мүмкін. Ал мемлекет сыбайлас жемқорлыққа барлық деңгейде ымырасыз ұстаным танытқан жағдайда, азаматтардың жүйеге деген сенімі артады. Олар заң талаптарының шынымен де баршаға бірдей қолданылатынына көз жеткізеді. Осылайша қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалыптасады.
Жоғары лауазымды тұлғалардың да жауапкершілікке тартылатынын көргенде, заң талаптарын өздері де сақтауы керектігін түсінеді.

Yorumlar
Diğer Haberler