Аудиториядан AI-трансформацияға дейін: Нархоз студенттері цифрлық болашақты қалай жобалайды

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ByTisYR8OGpp7qTEbgV7yLFfofyCXPi139xWwDKi.jpg

Жасанды интеллект технологияларды ғана емес, басқару, білім беру және қоғамдық коммуникация тәсілдерін де өзгертуде. Сондықтан университеттер студенттерге теориялық білімді нақты кейстер арқылы тексеріп, халықаралық сарапшылармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыруы қажет.

2026 жылғы 13 қарашада Нархоз университетінде «Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы трансформация жолы» (AI Transformation Journey) тақырыбында воркшоп өтті. Іс-шара Еуропалық одақтың Connectivity for Central Asia (C4CA) халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылып, студенттерді, оқытушыларды және Финляндия сарапшыларын біріктірді.

Воркшоп «Саяси бұқаралық коммуникациялар» білім беру бағдарламасының ағылшын бөлімінде оқитын екінші курс студенттеріне арналған «Әлемдік саяси үдерістер» пәні шеңберінде өткізілді. Бұл формат цифрлық трансформацияны технологиялық жаңару ретінде ғана емес, басқарушылық және коммуникациялық міндет ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.

Финляндиялық сарапшылар қатарында Laurea қолданбалы ғылымдар университетінің ғылыми-зерттеу қызметі мен Human-Centric Technology зерттеу тобының жетекшісі доктор Аско Мононен; Laurea университетінің аға оқытушысы, басқару, көшбасшылық және ұйымдық даму салаларының маманы Оскари Вестеринен; HAUS Finnish Institute of Public Management ұйымының маманы әрі жоба менеджері, HAUS тарапынан C4CA жобасы жетекшілерінің бірі Линда-Лотта Лухтала болды.

Сарапшылардың кәсіби бағыттары бірін-бірі толықтырды. Талқылау барысында жасанды интеллектіні адамға бағдарланған тәсілмен енгізу, ұйымдардың өзгерістерге дайындығы, цифрлық құзыреттерді дамыту, трансформациялық жобаларды басқару және цифрлық инклюзия мәселелері қарастырылды.

Воркшоптың практикалық бөлімі командалық жұмысқа негізделді. Студенттер топтарға бөлініп, Kaspi.kz, Нархоз университеті, Air Astana және Тестцентр кейстерін таңдады. Әр команда ұйым қызметін талдап, жасанды интеллектіні енгізу, үдерістерді цифрландыру және жұмыс тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірледі.

Студенттер трансформацияны қажет ететін үдерістерді анықтап, тиімді технологиялық шешімдерді таңдады. Сонымен бірге ұсынылған өзгерістердің қызметкерлерге, клиенттерге және қоғамға ықпалын бағалады. Бұл жұмыс жасанды интеллектіні табысты енгізу тек технологияның сапасына байланысты емес екенін көрсетті. Нақты мақсат, этикалық қағидаттар, ұйымның өзгерістерге дайындығы және дұрыс ұйымдастырылған коммуникация да маңызды.

Студенттердің пікірі

Дамир Насыров: «AI Transformation Journey воркшопы өте қызықты әрі танымды болды. Әсіресе Kaspi.kz және оның жаңа Kasper AI-функциясына арналған топтық кейспен жұмыс істеу ұнады: біз жасанды интеллектіні күнделікті сервистерге енгізу мүмкіндіктерін қарастырдық. Финляндия сарапшыларының пікірлері мен практикалық тәжірибесін тыңдап, жаңа білім алу және AI-трансформацияға басқа қырынан қарау өте құнды болды.»

Эльнара Авакри: «Мен үшін воркшоп қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды. Біз жасанды интеллектіні теория жүзінде талқылап қана қоймай, практикалық кейспен жұмыс істеп, мәселені әр қырынан қарастыруды және шешім іздеуді үйрендік. Финляндиялық сарапшылар цифрлық трансформация кезінде AI мүмкіндіктерімен қатар оның қоғамға, мемлекетке және күнделікті өмірге ықпалын ескеру қажет екенін түсінуге көмектесті. Воркшоптан кейін бұрын назар аудармаған сұрақтар туралы ойлана бастадым.»

Айжан Құдайбергенова: «Воркшоп бізге өте ұнады, өйткені нақты кейстермен жұмыс істеп, идеяларымызбен бөлістік және AI күнделікті мәселелерді шешуге қалай көмектесе алатынын талқыладық. Финляндиялық сарапшылардың көзқарасын тыңдап, олардың тәжірибесінен үйрену де қызықты болды. Ең бастысы, воркшоп бізді аудитория шеңберінен шығып, өз университетімізде енгізуге болатын жаңа бастамалар туралы ойлануға жігерлендірді.»

Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің жұмыс тобына профессор Айнұр Құсайынова және қауымдастырылған профессор Мәди Кенжалиев кірді.

Воркшоп «Әлемдік саяси үдерістер» пәні аясында өткізілді. Пән оқытушысы – ассистент-профессор Жанар Әбдіқадырова.
Connectivity for Central Asia жобасы 2025-2028 жылдары Global Gateway стратегиясы және Team Europe бастамасы аясында жүзеге асырылады. Жоба Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды қамтиды. Оның мақсаты – Орталық Азияда қауіпсіз, қолжетімді және инклюзивті цифрлық инфрақұрылым мен қызметтерді дамытуға ықпал ету.

Нархоз университетінің осындай халықаралық бастамаларға қатысуы студенттердің жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелермен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. 

«Саяси бұқаралық коммуникациялар» бағдарламасы саяси үдерістер, медиа және стратегиялық коммуникациялар туралы білімді заманауи технологиялық өзгерістерді практикалық талдаумен ұштастырады.

Мұндай білім беру форматы болашақ мамандарға цифрлық трансформацияны сырттай бақылап қана қоймай, оның қоғамдық салдарын түсінуге, шешім қабылдауға қатысуға және бизнес, мемлекет пен қоғам үшін жауапты ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі.

Жанар Әбдіқадырова, Айнұр Құсайынова
 

Yorumlar
Diğer Haberler