ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты түсініктеме берді

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZjBZx35KxGQCNerYKvfL7tBi7nCkI5Ibr1InS5O0.webp

Фото: ҚТЖ баспасөзі

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы мен «Самұрық-Қазына» қоры басшысының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Компания құқық қорғау органдарына қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып, тергеуге жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын айтты.

ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта компанияда ресми жарияланған мәліметтерден басқа қосымша ақпарат жоқ. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Осыған байланысты ұлттық компания әзірге қосымша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.

Сондай-ақ ҚТЖ мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тобына кіретін ұйымдар қалыпты жұмыс тәртібінде қызметін жалғастырып жатқаны айтылды. Компания инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары және іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелердің толық көлемде сақталатынын мәлімдеді.

12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің және өзге де тұлғалардың ұсталғанын ресми растады.

ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің маңынан шашылған доллар банкноттары түсірілген видео тарады. Желі қолданушылары ақшаны басшылардың ұсталуымен байланыстыруы мүмкін деген болжам айтты. Сондай-ақ тінту кезінде ақша салынған сөмкелер мен чемодандардың пәтер терезесінен лақтырылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтер мен табылған ақшаның тергеуге қатысы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler