Әбу-Даби келіссөзінің алғашқы күні. Украина мен Ресей мәмілесін араағайын АҚШ "нәтижелі" деп бағалады

139
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OjzPqY0m760j1LYMj5nMuw5YtqBLEBiC3gdg0Wvt.webp

Фото: Reuters

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің соғысты тоқтатуға бағытталған үшжақты келіссөзінің алғашқы күні аяқталды, деп хабарлайды "Адырна". 

Кездесу 11 қарашада жалғасады. 

10 қарашада өткен келіссөздер шамамен 4,5 сағатқа созылып, 40 минуттық үзіліс жасалған. Тараптар әзірге талқылау барысы мен нақты нәтижелері туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Алайда «Украинская правда» басылымына украин делегациясына жақын дереккөздің хабарлауынша, алғашқы күннің қорытындысында тараптар жақын арада тұтқындарды ауқымды көлемде алмастыру туралы уағдаласқан.

Reuters агенттігінің Ресей делегациясындағы дереккөзі Мәскеу келіссөздерде соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесіне қатысты келісімдерді негізгі тақырып ретінде көтеруді жоспарлап отырғанын айтқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Әбу-Дабидегі кездесуді «өте нәтижелі» деп бағалады. Ол Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған алдағы талқылауларға Еуропа елдерінің өкілдерін де қатыстыру қажет екенін атап өтті.

«Ұзақ мерзімді перспективада үшжақты форматқа еуропалық серіктестеріміз де қосылуы керек деп санаймыз. Өйткені олар бұл мәселені шешудің бір бөлігі», – деді Марко Рубио.

Кездесу өтетін жерде Еуропа мемлекеттерінің, НАТО мен Еуропалық одақтың өкілдері де болған. Алайда олар келіссөздер үстеліне қатыспаған.

Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский бастап келді. Оның құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Сергей Рябков пен Михаил Галузин, сондай-ақ Ресей Қарулы күштері Бас штабының өкілдері бар.

Ал Украина делегациясына ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Өмеров жетекшілік етті. Делегация құрамында Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, оның бірінші орынбасары Сергей Кислица, Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы басшысының орынбасары Вадим Скибицкий және Жоғарғы Рададағы «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия бар.

Айта кетейік, бұл – Украина мен Ресей арасындағы сегіз айдан кейінгі алғашқы келіссөз. Бұған дейінгі кездесу ақпан айында Женевада өткен. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталуына байланысты келіссөздер тоқтатылған.

Yorumlar
Diğer Haberler