Өлім жазасынан аман қалған адам ауруханада ауыр халде жатыр

75
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wACdhcPRViW2fTGYS7M31TDQCn2hldUKTODsVdSk.webp

Фото: J MILES CARY/REUTERS

АҚШ-тың Теннесси штатында кісі өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Криста Пайкқа қатысты үкімді орындау сәтсіз аяқталған болатын. Оған өлімге әкелетін инъекция екі рет жасалғанымен, 50 жастағы әйел тірі қалған. Қазір ол ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Енді өлім жазасын орындау 2026 жылдың соңына дейін тоқтатылды. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна».

Үкімді орындау кезінде Пайкқа пентобарбитал препаратының екі дозасы салынған. Адвокаттарының мәліметінше, оның жүрек соғысы тоқтамаған.

Оқиғадан кейін Теннесси губернаторы Билл Ли тәуелсіз тексеру жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар штатта өлім жазаларын орындау 2026 жылдың соңына дейін тоқтатылды.

AP агенттігінің хабарлауынша, Теннесси штатындағы хаттамада екінші инъекциядан кейін де сотталған адам тірі қалған жағдайда қандай әрекет жасау керегі нақты көрсетілмеген.

Пайкқа қатысты бұдан әрі қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз.

Еске салайық, 1995 жылы 18 жастағы Криста Пайк пен оның серіктесі Тадарил Шипп Пайктың 19 жастағы сыныптасы Коллин Слеммерді өлтірген. Бір жылдан кейін Пайк бірінші дәрежелі кісі өлтірді деп танылып, өлім жазасына кесілді. Ал қылмыс жасалған кезде 17 жаста болған Шипп шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі қарастырылған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Криста Пайк АҚШ-тың қазіргі тарихындағы өлім жазасына кесілген ең жас әйел атанды. Іс бүкіл елде үлкен резонанс тудырды, өйткені Слеммердің мәйіті кеудесіне сатанизмнің символы саналатын пентаграмма ойып салынған күйде табылған.

Пайктың адвокаттары оған кешірім жасауды сұраған. Олардың айтуынша, ол қылмысты небәрі 18 жасында жасаған және анасының күйеулері тарапынан ұзақ жылдар бойы жыныстық зорлық-зомбылық көріп, психикалық денсаулығына байланысты қиындықтарға, соның ішінде биполярлық бұзылысқа шалдыққан.

Yorumlar
Diğer Haberler