СҚО-да 45 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды

144
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9wVu1sAMxUfDLUxQs0aDjQ4ykwPhYtTtQ1htQg6P.jpg

фото: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 679 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 633-і көші-қон талаптарын бұзған. Бұл туралы СҚО Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Ақпаратқа сәйкес, 45 шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылған. Сонымен қатар 152 адамның елде болу мерзімі қысқартылды.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың арасында жолаушылар тасымалымен айналысқан Тәжікстан азаматы да бар. Петропавл тұрғыны такси жүргізушісінің дөрекілігіне шағымданғаннан кейін, полиция оның Қазақстанда заң талаптарын бұза отырып жұмыс істегенін анықтады.

42 жастағы ер адам елге кірген кезде жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысу мақсатын көрсетпеген. Соған қарамастан, Қазақстан аумағында жолаушылар тасымалымен айналысқан. Бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Құқық бұзушылықтың бір жыл ішінде қайталануына байланысты полиция тиісті материалдарды жинап, әкімшілік сотқа жолдаған.

Сот шешімімен азаматқа бір тәулік әкімшілік қамау тағайындалып, кейін Қазақстан Республикасынан бес жыл мерзімге шығару туралы шешім қабылданды.

Yorumlar
Diğer Haberler