Бұлты тарқамаған ҚазҰУ төбесі опырылған сарайға түсінік берді

309
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XNAI7mPJOmnuacnLcRqJVMXDz5iyORuUG5daKZHf.jpg

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті, деп   хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Желі қолданушыларының мәліметінше, оқиға 23 қыркүйек күні сағат 23:00-ден кейін болған. Видеодан Студенттер сарайы қаңқасының ішінен көтерілген шаңды көруге болады.

24 қыркүйекте университеттің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жариялады. Алайда онда опырылудың нақты себебі көрсетілмеген.

ҚазҰУ өкілдерінің айтуынша, ғимаратты қайта жаңғырту қажеттілігі оның техникалық жағдайына байланысты туындаған. 2023 жылы аккредиттелген ұйым жүргізген сараптамалық тексеру барысында көтергіш конструкцияларда елеулі ақаулар мен зақымдар анықталған.

Мамандар бағаналардың тот басып, ішінара бүлінгенін, ригельдердің бағандармен жалғанатын түйіндерінің бұзылуын,  кейбір көтергіш элементтің жоқ екенін, сондай-ақ шатырдағы металл конструкциялардың коррозияға ұшырап, деформацияланғанын тіркеген.

«Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға ағымдағы жөндеу әр 3-5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу 20-25 жылда кемінде бір рет жүргізілуі тиіс. Бұдан бөлек, 2024 жылдың қаңтар айында Алматы мен оған іргелес аймақта әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт бойы пайдаланылған және зақымдары анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай Студенттер сарайының сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді реконструкция жүргізу қажеттілігін одан әрі күшейте түседі.

Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

Реконструкция барысындағы басты басымдық ретінде ғимараттың конструктиивтік сенімділігін, сондай-ақ студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етілуі белгіленді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады және тиісті зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы ақпарат беріп отырады»,– делінген хабарламада.

 

Yorumlar
Diğer Haberler