Жоқтаушысы зор сағаттар. Байбектің коллекциясындағы мүлік бойынша ер адам ұсталды

153
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/99UvZGULgFMIL390J5X4apH1LAWITccqPn3CHums.webp

Астанада бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі коллекциялық сағаттарды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Полицияның мәліметінше, сағаттарды ұрлады деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, күдікті Байбекке қарасты қызметкердің көмекшісі болған және оның үйіне кіріп-шығуға мүмкіндігі болған. Үй иелері шетелге кеткен кезде ол қосалқы кілтті пайдаланып, түпнұсқа сағаттарды алдын ала сатып алған көшірмелерімен ауыстырған деген болжам айтылған.

Хабарланған мәлімет бойынша, ұрланған сағаттардың арасында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne брендтерінің бұйымдары бар. Олардың жалпы құны шамамен 90 млн теңге деп бағаланған.

Үй иелері елге оралғаннан кейін сағаттардың ауыстырылғанын анықтап, полицияға жүгінген.

Айта кетейік, Бауыржан Байбек әр жылдары Қазақстан Республикасының Бас консулдығында және Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарған.

2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде бірқатар жауапты қызметтерді атқарды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы болды.

2009 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

2013 жылдың қаңтарынан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2015-2019 жылдары Алматы қаласының әкімі болды.

2019-2022 жылдары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Yorumlar
Diğer Haberler