Елші қатыспады. Ауғанстан қазақтары алғаш рет құрылтай өткізді

132
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0CqjmQu2BT0kNRcuSSeqmi930nej6PzNXjnL8by0.jpg

Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында 3 қыркүйек күну елдегі этникалық қазақтардың басын қосқан тұңғыш «Ауғанстан қазақтарының құрылтайы» өтті. Іс-шара туралы қандастар мәселесін зерттеп жүрген маман Қыдырәлі Оразұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Құрылтайды «Ауғанстан-Қазақ мәдени орталығының» басшысы Асадулла Оймауыт ұйымдастырған.

«Құрылтайға Ауғанстанның әр аймағында тұратын қандастарымыз жиналып, өзара танысып, ұмытылып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін тамашалады. Қуаныштан көздеріне жас алғандар да болды», – деп жазды Қыдырәлі Оразұлы.

Ашық дереккөздерде тараған мәліметке қарағанда, шараға Кабулдан Ауғанстан Мәдениет министрінің орынбасары арнайы қатысып, сөз сөйлеген. Оның айтуынша, вице-министр қазақ диаспорасы әзірлеген қолөнер бұйымдары мен мәдени бағдарламаларға жоғары баға берген.

Сонымен қатар Мазари-Шариф қаласы әкімінің орынбасары да құрылтайға қатысып, Ауғанстандағы қазақ қауымдастығына қолдау білдірген.

Алайда жиынға Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Ғазиз Ақбасов пен бас консул Ахан Есенбаев қатыспаған. Қыдырәлі Оразұлының мәліметінше, дипломатиялық өкілдер құрылтайға келетінін алдын ала хабарлағанымен, іс-шараға бір күн қалғанда қатыса алмайтынын мәлімдеген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, елшіге шарадан шамамен 10 күн бұрын ұйым мен қала әкімдігінің мөрі қойылған ресми шақыру табысталған. Елші құрылтайға қатысатынын растаған. Алайда жиын қарсаңында ұйымдастырушыларға өзінің келе алмайтынын хабарлаған.

Ашық дереккөздерде келтірілген мәліметтер бойынша, бүгінде Ауғанстанда шамамен 3,3 мың этникалық қазақ тұрады. Ал бейресми ақпараттарда қазақ отбасыларының саны 3 мыңға дейін жетуі мүмкін екені айтылады.

Бұл ретте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұсынған ресми деректе Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе шамамен 200 этникалық қазақ тіркелгені көрсетілген.

Ауғанстандағы қазақтардың басым бөлігі Мазари-Шариф, Құндыз, Кабул және Бағлан қалалары мен аймақтарында тұрады.

Yorumlar
Diğer Haberler