«Жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан реформаларды жалғастыра береді»

178
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4XCPKqds4WDWq50DqZbX5tFulNEqyFGymQ1Di4jY.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделене түсуі жағдайында елде жүргізіліп жатқан реформалардың стратегиялық маңызы артып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы бұл туралы жұма күні Құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Президенттің айтуынша, қазіргі әлемдегі жағдай тұрақсыз әрі болжам жасау барған сайын қиындап барады.

«Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет, сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзінше, қазіргі жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандық және өңірлік деңгейдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссиясын толыққанды орындай алмай отыр. Осыған байланысты аймақтық халықаралық ұйымдардың ықпалы артып, әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің рөлі күшейіп келеді.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр. Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі тағы бір маңызды үрдіс – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің жедел дамуы екенін атап өтті.

«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамуда. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғатыны беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді», – деді ол.

Президент жасанды интеллектінің дамуына байланысты түрлі болжамдар айтылып жүргенін де жеткізді.

«Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады», – деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, адамзат қазір жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұл үдерістің қарама-қайшылығы да бар.

«Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан – прогрессивті, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады», – деді Тоқаев.

Президент осындай тұрақсыз кезеңде мемлекеттердің өз егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуы маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, экономика, ғылым, әскери және дипломатиялық әлеуетін күшейтіп, ең бастысы, адам капиталын дамытуға басымдық берген елдер ғана жаңа дәуірдің талаптарына бейімделе алады.

«Мұндай жағдайда, оның сөзінше, экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті», – деді мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жан-жақты жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Президент реформаларды жалғастыру елдің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

«Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ», – деді ол.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың қазіргі және келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бұл – елеулі жетістік. Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер толық мейлінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Yorumlar
Diğer Haberler