"Ғылым жолында есімімді қалдырғым келеді". Ауадан су өндіретін құрылғы ойлап тапқан жас ғалымның жолы

1105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4EGYTnF8NQl0AHyr6cjB1knaqZJ9LRyDnV1NNxI3.webp

Алматыдағы №79 гимназияның түлегі Дана Қадырбек бүгінде қазақстандық мектеп оқушылары арасындағы ең танымал жас өнертапқыштардың біріне айналды. Ол ауадан ауыз су өндіруге мүмкіндік беретін құрылғы жасап, әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын өзіне аударды. Бірнеше халықаралық байқауда топ жарып, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өз жобасын таныстырған жас зерттеушінің басты мақсаты – су тапшылығы мәселесін шешуге үлес қосу. Ол туралы не белгілі? "Адырна" ұлттық порталының материалында. 

"Ғылымға қызығушылық бала кезден басталды"

Дана Қадырбек – Алматы қаласындағы №79 гимназияның биылғы түлегі. Ол осы мектепте бірінші сыныптан бастап білім алып келеді. Ұстаздарының айтуынша, Дана үнемі үздік оқыған, әсіресе математика мен жаратылыстану пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан.

Болашақ өнертапқыштың ғылымға деген құштарлығы бала кезінен қалыптасқан. Ол энциклопедияларды қызығып оқып, мұхиттар мен су әлемі туралы материалдарды зерттеген. Сол кездің өзінде-ақ жер шарындағы су тапшылығы мәселесі туралы ойлана бастаған.

Әлемдік мәселені шешуге бағытталған жоба

Дананың ғылыми жобасы атмосферадағы ылғалды жинап, оны ауыз суға айналдыруға негізделген. Құрылғының басты ерекшелігі – оның электр энергиясын қажет етпеуі. Жүйе толықтай күн энергиясының көмегімен жұмыс істейді.

Өнертапқыштың айтуынша, құрылғының негізгі бөлігі – алюминий фумараты негізіндегі арнайы наноматериал. Ол ауадағы су молекулаларын өзіне тартып, кейін оларды сұйық суға айналдыруға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – қолданылатын материалдың экологиялық қауіпсіздігі. Ол улы емес әрі бес жыл пайдаланғаннан кейін қайта өңделіп, қайта қолдануға жарайды.

Осындай ерекшеліктердің арқасында құрылғыны электр желісі жоқ шалғай ауылдарда, сондай-ақ құрғақ климатты өңірлерде пайдалануға болады.

Зертханадағы алғашқы тәжірибелер

Бұл идеяны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Дана ғылыми жұмыстарын жетілдіру үшін Қазақстан-Британ техникалық университетінің Жоғары химиялық инженерия мектебіне өзі хат жазған.

Оған техникалық ғылымдар магистрі Ринат Жәнібеков қолдау көрсетіп, университет зертханасында тәжірибе жүргізуге мүмкіндік берген.

Алғашында ғылыми жетекші мектеп оқушысының мұндай күрделі тақырыпты таңдауына күмәнмен қараған. Алайда Дананың дайындық деңгейі мен ғылыми әдебиеттерді ағылшын тілінде еркін оқып, талдай алатынын көргеннен кейін оның жобасына сенім артқан.

Зертханадағы жұмыстардың нәтижесінде Дана наноқұрылымдардың қасиеттерін зерттеп, атмосферадан су жинайтын құрылғының жұмыс істейтін үлгісін жасап шықты.

Халықаралық жарыстардағы жеңістер

Дананың ғылыми еңбегі алғаш рет халықаралық деңгейде 2025 жылы жоғары бағаланды. Ол Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен дүниежүзілік жастар ғылыми олимпиадасында (WICO) алтын медаль жеңіп алды.

Жоба кейін Индонезиядағы YISF халықаралық ғылыми байқауында, KazSmartSpace жобалар конкурсында және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық химия конференциясында жүлделі орындарға ие болды.

2026 жылы Дананың жетістігі жаңа белеске көтерілді. Ол Австрияның Вена қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өткен Cleantech Days Forum 2026 халықаралық форумында Қазақстан атынан қатысып, әлемнің ең үздік үш жас өнертапқышының қатарына енді.

Бұл форум жасыл технологиялар саласындағы ең беделді халықаралық алаңдардың бірі саналады.

Қазақстанда жобаны сынақтан өткізу жоспарланып отыр

Дананың жобасы халықаралық марапаттармен ғана шектеліп қалған жоқ.

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігімен пилоттық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында құрылғыны еліміздің су тапшы өңірлерінде сынақтан өткізу жоспарланған.

Пилоттық жоба барысында құрылғының әртүрлі климат жағдайындағы тиімділігі зерттеліп, алынған нәтижелерге ғылыми сараптама жасалады. Егер сынақтар сәтті өтсе, технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сонымен қатар жобаға Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары да ғылыми қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірген. Тіпті жас зерттеушінің еңбегі Қазақстанда да жоғары бағаланды. Дана Алматы қаласы әкімінің арнайы сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен бірге оның жобасы G SIP бағдарламасы аясында 5 миллион теңге көлеміндегі грант жеңіп алып, Қазақстандағы үздік үш жасыл технологияның қатарына енді.

Мектеп ұжымы да бұл жетістікті ғылымға жасалған инвестицияның нәтижесі деп бағалайды. Бүгінде №79 гимназиясында STEM кабинеттері мен робототехника зертханалары жұмыс істейді. Осындай орта талантты оқушылардың ғылыми ізденіспен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.

Yorumlar
Diğer Haberler