33 жыл бойы мал баққан қарияға кәсіпкер баспана сыйлады

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ECJ3FFPM8tvpJ74IKmXSOZzSzQ6eP6V34tJpdLsR.webp

Ақтөбеде жергілікті кәсіпкер кезінде "100 жылқы ұрлады" деген айыппен сотталған Рахат Сәрсеновке баспана тарту етті.

Еске салайық, бұған дейін 60 жастағы Рахат Сәрсеновке "100 бас жылқы ұрлады" деген айып тағылып, Мұғалжар аудандық соты оны 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың 30 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабы да қанағаттандырылған.

Алайда қорғаушылар бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Істі қайта қарау барысында айыптау бабы өзгертіліп, Сәрсеновтің 100 емес, небәрі бір жылқының құны мөлшерінде ғана материалдық шығын келтіргені анықталды. Осыған байланысты ол рақымшылыққа ілігіп, сот залынан бірден бостандыққа шықты. 30 жылдан астам уақыт жылқышы болып еңбек еткен қарияның бостандыққа шыққан сәттегі толқынысы көпшіліктің жүрегін елжіретіп, оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.

Кейін журналист Руслан Өтепбай Рахат Сәрсеновтің басындағы қиындық мұнымен аяқталмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі қарияны нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызған. Ерлі-зайыптының сөзінше, құжаттардың орыс тілінде рәсімделуіне байланысты олар нақты қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбеген. Қазір сот шешімі шыққандықтан, Сәрсенов отбасы жалғыз үйінен айырылып қалу қаупіне тап болған.

Осы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін ақтөбелік кәсіпкер Рахат Сәрсеновтің отбасына қаладан баспана сыйлады. Қуанышты жаңалықты журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, бейнежазба жариялады.

«Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады. "Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім" деп, Рахат ата көз жасына ерік берді», – деді журналист.

Yorumlar
Diğer Haberler