Орталық Азияда Қазақстан салық жүйесінің көші ілгері

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vFH8QJ84TVfMA3SImn56hMApzQ5X49NfutUQrkQL.jpg

Әлемде инвесторлар үшін бәсеке күшейді. Өйткені капитал кез келген елді емес, нақты артықшылығы бар экономикаларды таңдайды. Яғни технологиялық әлеуеті жоғары әрі бизнес жүргізу ережелері түсінікті мемлекетке басымдық береді. UNCTAD World Investment Report 2026 баяндамасының нәтижесі осыны көрсетті. Расында, қазір инвесторлар үшін талас қарқынды жүріп жатыр.

Бұл жерде салық жүйесінің тиімді болуы маңызды. Мұны Орталық Азия елдері де түсінген. Бәсеке басталды. Әр елдің қарқыны мен жүйесі әрқалай. Бірақ салық мөлшерлемелерін төмендету, жеңілдіктерді кеңейту емес, енді салықтық әкімшілендіру сапасына, цифрландыру деңгейі мен мемлекеттік қызметтердің жеделдігіне басымдық беріліп жатқанын аңғардық. Қазақстанда инвесторларды ынталандыру үшін арнайы экономикалық аймақтарда және өңдеу өнеркәсібінде бірқатар салықтық жеңілдік қарастырылды. Бұл өндіріс пен экспортқа бағытталған жобаларды тартуға мүмкіндік береді.

«Орталық Азиямен қысқаша салыстыратын болсақ, Қазақстанның цифрландыруы жоғары, инвестициялық жеңілдіктері бар, әкімшілік жүйесі дамыған. Өзбекстанда да  кейінгі жылдары реформалар жүріп жатқаны белгілі, бірақ салықтық әкімшіліктендіру әлі де өзгеру кезеңінде. Ал Қырғызстанда салық мөлшері төмен болғанымен, бюджет көлемі мен әкімшілік мүмкіндігі әлсіздеу болып табылады. Тәжікстандағы салық жүктемесі кей салаларда жоғары және әкімшілік рәсімдері күрделі келеді. Енді Түрікменстанды айтатын болсақ, жабық экономика болғандықтан, салық жүйесінің ашықтығы мен болжамдығы төмен», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.   

Қазақстанның жаңа Салық кодексі күшіне енгелі жарты жылдан асты. Бұл реформадағы басты мақсат – салық жүйесін жеңілдету және бюджет кірісін тұрақтандыру еді. Экономист Бауыржан Ысқақ сол межеге біртіндеп келе жатқанымызды айтады. Кодекс аясында салық есептілігінің көлемі шамамен 30 пайызға қысқарды. Ал салықтар мен міндетті төлемдердің саны 20 пайыз төмендеген. Тиімсіз жеңілдіктер қайта қаралды. Ең бастысы инвестиция тартудың жаңа тетіктері енгізілді. 

«Қазақстанның салық жүйесі Орталық Азия елдерімен салыстырғанда бірнеше маңызды артықшылыққа ие. Біріншіден – салық жүйесінің тұрақтылығы. Бұл инвесторлар үшін  маңызды фактор. Елде корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз, ал жеке табыс ұзақ уақыт бойы бірыңғай мөлшерлемемен қолданылып келе жатыр. Бұл Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдермен салыстырғанда жиі өзгермегендіктен, бизнеске қолайлы орта қалыптастыратын фактор», - дейді Бауыржан Ысқақ.

Қалай дегенмен де, Орталық Азия елдері Еуразиядағы көшбасшы болуға әрекет жасап жатыр. Көп ел салық жүйесінің жекелеген тетіктерін жаңғыртуға деп қойып жатса, Қазақстан аймақтағы ең ауқымды кешенді салық реформасын жүзеге асыруға басымдық берді. Сарапшылар мұның өзі еліміздің көшін ілгерілетті дейді. Smart Data Finance ақпараттық алаңына 78 мемлекеттік базаның мәліметтері біріктірілді. Енді үлкен деректер мен жасанды интеллект технологияларына негізделген AI-salyq платформасы енгізіледі. Сондай-ақ елде бюджет кірістерінің көлемі, салық түсімдері және жан басына шаққандағы салық түсімдерінің деңгейі артып жатыр. Бұған жүйелі салық реформасы да ықпал еткені рас.

«Салық реформасының әсерін келесі жылы нақты көре бастаймыз. Ұсыныстарымызды айтамыз. Қазір цифрландыру үдерісінің оң нәтижесін байқап жатырмыз. Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер үшін салық кабинеті жұмыс істейді, онда есептілікті онлайн-режимде тапсыруға, салықтық тексерулер шеңберінде түрлі түсініктемелер мен түсініктемелер беруге болады», - дейді Max consulting ЖШС бас директоры Мақсат Мұратов.

Жалпы жаңа кодекстің табысты болуы бизнестің жаңа ережелерге тез бейімделуі мен көлеңкелі экономиканы қаншалықты қысқартатынына байланысты дейді мамандар. Десе де, ұзақ мерзімді реформа көлеңкелі экономиканы азайтып, адал бәсекелестікті күшейтуге, өңдеу өнеркәсібі мен инвестицияны ынталандыруға мүмкіндік берері анық. Сарапшылар мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлттық қорға тәуелділікті азайтып, салық түсімдерін көбейту дейді. Яғни салық базасының кеңеюі мен әкімшіліктендірудің жақсаруы, бюджет кірістерін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.  

Yorumlar
Diğer Haberler