АҚШ Иранға тағы да соққы жасады. Ормұз төңірегіндегі жағдай ушығып барады

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GNUGpJoG000NlCvdiI1qjGNkznAIzkkb5lh86kEh.jpg

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 13 шілдеге қараған түні Иран аумағына жаңа соққылар жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

«Жоғарғы Бас қолбасшы Иран режимін тежеу үшін осы соққыларды жасауға бұйрық берді», – делінген хабарламада.

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы жарылыстардың Бендер-Аббас портынан батысқа қарай, Сирик қаласы маңында, Кешм аралында және Ормұз бұғазы ауданындағы Джаск қаласында болғанын жеткізді. Mehr ақпарат агенттігінің мәліметінше, Кешм аралында бір адам қаза тауып, екі адам жараланған.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусы соғысқа дейін әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өтетін Ормұз бұғазы «қосымша хабарламаға дейін және АҚШ-тың өңірдегі араласуы тоқтағанға дейін жабық күйінде қалатынын» мәлімдеді. Алайда АҚШ әскері бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Иран бұғазды бақыламайды. Кеме қатынасы жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді CENTCOM.

Осыған ұқсас мәлімдемені 12 шілдеде Ақ үй басшысы Дональд Трамп та жасаған болатын.

12 шілдеге қараған түні АҚШ әскері  Ирандағы шамамен 140 әскери нысанға, оның ішінде зымырандар мен дрондар сақталатын қоймаларға және байланыс тораптарына соққы берген. Бұл әрекет Ормұз бұғазында GFS Galaxy контейнер тасымалдаушы кемесіне жасалған шабуылға жауап ретінде жүзеге асырылған. Ал Иран тарапы азаматтық кемеге Тегеран бекіткен бағыттан ауытқығаны үшін тек «ескерту оқтары» атылғанын мәлімдеген.

12 шілдедегі америкалық соққылардан кейін Иран Парсы шығанағы елдері мен Иорданияға шабуыл жасаған. Сақшылар корпусының мәліметінше, нысанаға АҚШ-тың Қатардағы Әл-Удейд әскери-әуе базасы мен Омандағы Дукм порты алынған. Сол күні Тегеран Ормұз бұғазында бір тәулік ішінде екінші кеменің істен шығарылғанын да хабарлады.

17 маусымда АҚШ пен Иран әскери іс-қимылдарды тоқтатуды және стратегиялық маңызы бар теңіз айдынын қайта ашуды көздейтін негіздемелік келісімге қол қойған еді. Алайда 25 маусымнан бастап ирандық әскерилер Ормұз бұғазындағы азаматтық кемелерге бірнеше рет шабуыл жасап, оған жауап ретінде АҚШ Ислам Республикасының нысандарына соққы берген болатын. Тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап келеді.

8 шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінде сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның енді күшінде емес екенін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Иран жетекшілерін «ауру адамдар» деп атап, олармен келіссөз жүргізуді «уақытты босқа шығындау» деп бағалады. Сонымен бірге Трамп Тегеранмен өзі келіссөз жүргізбейтінін, бірақ қаласа, америкалық келіссөз жүргізушілердің диалогты жалғастыруына мүмкіндік беретінін айтты. АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын қайта енгізді.

Yorumlar
Diğer Haberler